Ринат Зайытов: Халықты ойлаған бірде-бір құзырлы органды көрмедік
«Қағаз жүзінде бизнес-класс, көшіп барсаң – эконом». Астанадағы элита тұрғын үй деп сатқан баспаналардың басым бөлігінің қазіргі күйі осындай. Әр шаршы метрін удай бағаға сатқан құрылыс компанияларына тұсау салатын адам болмай отыр дейді депутат Ринат Зайытов.
Автор: Айжан Шамшидин
27.03.2024
Ринат Зайытов, Мәжіліс депутаты:
-Халықты ойлап жатқан бірде-бір құзырлы орган көрмедік. Олар халықты ойлауға емес, халықпен ойнауға машыққандай көрінді, өз басыма. Ағымдағы жылдың 20 наурызында Парламент қабырғасында өткізген алқа жиында көтерілген мәселелер осы сөзімді растады. Тұрғындар алаяқтық фактісі бойынша арыз жазып шағымданса да, іс қозғалмаған. Халықтың пайдасына шешілген сот шешімі орындалмаған.
Бұдан басқа да құрылыс саласындағы бар былықты бүгін депутаттар жіпке тізді. Мәселен, өнеркәсіп және құрылыс министрлігі салаға қажет заңнамалық құжатты әзірлеу үшін мемлекеттік бюджеттен 382 миллион теңге алған. Жұмыс тобы жаңа заңды тәпсірлей бастағанда, жобаның жартысынан көбі плагиат, яғни өзге елден көшірілгені белгілі болды. Енді қазынадан шыққан әр тиынның есебі жауапты министрден сұралады деп отыр депутаттар.
Бақытжан Базарбек, Мәжіліс депутаты:
-Бұл ауаға ақша шашқанмен тең. Себебі мұндай кодекстерге біз ақша жұмсамауымыз керек. Бір бетіне, мысалы, мына заңның 85 пайызы плагаиат болып шыққан. Яғни басқа заңның бәрін жинақтай салған, бір заңға. Сондай ойдан шығарылған дүние 15-ақ пайыз. Сонда әрбір беті 1 жарым миллион теңге болғаны.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!