Мамандар: Электромобиль шамадан тыс көбейсе, қоршаған ортаға қауіп бар
Елімізде тоқпен қозғалатын көліктер көбейіп жатыр. Небәрі бір жылда электрокардың жалпы саны тоғыз есе өскен. Биыл 8400 көлік есепте тұр. Бір жыл бұрын елімізде мұндай темір тұлпар саны мыңға да жетпеген. Электромобильдер экологиялық таза өнім деп танылғанымен, шамадан тыс көбейсе, қоршаған ортаға қауіп бар дейді мамандар.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
28.03.2024
Марат Сәрсеков астындағы қара темір тұлпарын тізгіндеп жүргеніне екі жылдан асқан. Қытайлық көлікті сатып алғанына өкінбейді. Өйткені сапасы жағынан неміс автомобильдерінен кем түспейтініне сенімді әрі экологияға зияны жоқ.
Марат Сәрсеков:
— Өзім алматылық болған соң, қаламның экологиясына алаңдаймын. Біріншіден, бұл көлік табиғатқа зиян келтірмейді. Екіншіден, сапасы жағынан өте мықты. Қыздыруға көп уақыт кетірмейсің. Ал пешті қоссаң, жылу бірден ұрады. Дірдектеп отырмайсың.
Электромобильдердің кемшіліктері жоқ емес. Мәселен, қақаған қыста аккумуляторы тез отырады. Сондай-ақ алыс жолға емін-еркін шыға алмайсың. Бірақ соған қарамастан қазір тоқпен жүретін көліктер Алматы, Алматы облысы мен Астанада көп. Сарапшылардың пікірінше, мұндай темір тұлпарлардың саны әлі де өседі.
Артур Мискарян, Автокөлік нарығын талдау және бақылау орталығының бас директоры:
— Электромобильдердің көбеюінен электроэнергияны тұтыну мөлшері өседі. Сәйкесінше электроэнергияны әлдеқайда көбірек өндіру керек. Ол көмірсутекті көбірек жағу деген сөз. Яғни көлігіңізбен экологияға зардап тигізбегенімен, оны зарядтауға қажет электр қуаты өндірілетін орындарда неше түрлі қалдықтар бөлінеді.
Ал энергияның бәріне жеткенімен, өндіріс орындарына жүктеме көбейетіні анық. Мәселені болдырмау үшін электростанцияларды көптеп салу қажет. Бірақ оған қажетеркін нарық жоқ дейді мамандар.
Әсет Наурызбаев, сарапшы:
— Болашақта электромобильдерге сұраныстың артуы мен «оларды қайда қуаттаймыз?» деген сұрақ туындамас үшін, біз электр энергетикасы нарығын министрліктен босатуымыз керек. Еркін нарық құруымыз қажет. Сол кезде адамдар электр станцияларын тұрғызып, электр энергиясын тоқпен жүретін көліктердің иелеріне, түрлі тұтынушыларға сатумен айналысатын болады.
Тоқпен жүретін көліктердің былтыр күрт көбейгені көзге ұрып тұр. Сарапшылар мұны электромобильдерге кедендік төлемдердің жоқтығымен байланыстырып отыр. Яғни елге кіргізу әлдеқайда арзанға шығады.
Айта кетейік, келесі жылдың соңына дейін электрокарға баж салығы төленбейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!