Жамбыл облысындағы ақылы жол — шұрық-тесік, сервис атымен жоқ
Жамбыл облысында жүк тасымалдаушылар жырым-жырым ақылы жолды жөндеуді талап етіп отыр. Жүйкесі жұқарған жүргізушілер 25 жылдан бері жасалмаған айналма жолға ақы төлеп отырмыз дейді. Шұрық-шұрық трассада техникалары жиі сынатынын айтып, кей кездері күре жолды өз күшімізбен күреуге мәжбүрміз дейді.
Автор: Сәбит Әлдебай
28.03.2024
Өйткені таулы аймақтардағы учаскелер қараусыз жатыр. Ал жолға жауапты мекеме ешқандай стандартқа сай келмейтін ақы алып отыр.
— Міне, «Қазавтожолдың» жұмысын қолмен жасап жатырмыз. Міне, жігіттер топырақты қазып алып жатыр. Осылай амалдап жатырмыз. Ана жоқта да тура осындай жағдай.
Шет елдерден жиі қатынайтын жүк тасымалдаушылар жолдың сапасы Қазақстан аумағында өте нашар екенін айтады. Ал жол жүру тарифі өзге елдерден едәуір қымбат. Есесіне ақ қар, көк мұзда тайғанақтап талай көлік аударылған. Ал ауыр жүк көліктері уақтылы тазаланбайтын асу бермес өткелдерде тұрып қалады.
Әбдішәкір Саидов, жүк тасымалдаушы:
— Мына күйікте жүріп болмайды. Лажсыз жүреміз. Не үшін төлеп жүрміз?! Біз соны түсінбейміз! Қыста қаншама көлік апатқа ұшырады. Жүргізушілер зардап шегіп жүр! Көктайғақта да, мына ойдым-ойдым жерден шығамын деп көліктерге соғылып жатырмыз. Малды ұрып жатыр, адамды ұрып жатыр. Мұның бәрі жолдың сапасыздығынан!
— Осындай жолдар, тіпті білмеймін, қыста жолдың жиегіне шығып кетіп аударыласың.
Транзит тасымалдаушылар жол азабы Жамбыл облысындағы таулы аймақтарда қатты сезіледі дейді. Себебі Күйік асуындағы жаңа жолмен өтуге тыйым салынған. Ал жүк көліктеріне арналған айналма жолдың тоз-тозығы шыққан. Бірақ сапасыз жолға ақы алу жүйелі жолға қойылыпты.
Рүстем Пардаев жүк тасымалдаушы:
— Біз не үшін осыншама қаражат төлеп отырмыз. Шұрық-тесіктер үшін бе? Мына шұңқырға адам жатса көрінбей қалады. Бұл жолмен екі жылдан бері қатынап жүрмін. Өту мүмкін емес. Мәселен, шет елдерде мұндай қараусыз қалған учаскелер жоқ. Жолдың ақысы да едәуір арзан.
Жүк көліктерінің жүргізушілері 20 шақырым айналма жолдан өту бірнеше сағатқа созылады дейді. Бұл жолдың әр шақырымын басып өту орта есеппен 30 теңге тұрады. Ал «Қазавтожол» мекемесі бұған дейін бұл жол учаскесіне ақы алынбайды деп мәлімдеген. Бірақ жүргізушілер оны жоққа шығарды.
— Тегін жол депті. Міне, телефонымнан қараңыз. Біз тіпті Теріс-Ащыбұлаққа жетпей жатып көптеген километр қосып қойыпты.
Жүк жеткізушілер жолдың нашар сапасын «Қазавтожол» компаниясынан көреді. Ал жауапты мекеме жүк көліктеріне арналған Күйік асуы биылдан бастап «стандартқа сай жөнделеді» деп сендірді.
Серік Мырзағалиев «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ пайдалану департаменті директорының орынбасары:
— Биыл ұлттық оператормен Жамбыл облысындағы ескі Күйік асуын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Мердігерді анықтау үшін конкурс өткізіліп, келісім жасалды. Мердігер компания қазір дайындықты бастап кетті. Жаңа жол учаскесі 2025 жылы пайдалануға беріледі.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» күре жолының бойындағы айналма жолмен күн сайын 15 мыңнан астам жүк көлігі қатынайды. Бірақ жол бойында дәретхана мен автотұрақ деген атымен жоқ. Жүргізушілер ақылы жолға тән сервис іске қосылмайынша, ақы алуды мүлде тоқтату керек деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!