Қоянқұста трансформатор жекенің қолына өтіп, жұрт жарыққа жарымай отыр
«Қарыз болмасақ та, қараңғыда отырмыз». Алматы іргесіндегі Қоянқұс ауылының тұрғындары жарықтың жиі сөнетінін айтып шағымданды. Өйткені трансформатор жекенің қолында. Ал жұрттың жинаған ақшасы жарық таратушы мекемеге жетпей жатыр екен. Соның кесірінен ауылдың сымы қайта-қайта кесілетін болған. Жарыққа жарымаған жұрт қарыз трасформатор иесінен өндірілсін деп талап етіп отыр.
Автор: Әсем Лесбек
28.03.2024
Қоянқұс ауылының тұрғындары бүгін таң атпай ауыл орталығына жарықтың жырын айтуға тағы жиналды. Жеті жыл бұрын мұндағы трансформаторлар жеке кәсіпкердің меншігіне өтіпті. Ал сол кәсіпкер тұрғындардың ақысын мемлекетке уақтылы төлемей, қарызға белшесінен батты дейді жұрт.
Алан Құмар:
— Жарыққа ақша төлеп келе жаттық. Бірақ «Алсекодан» бізге ондай түбіртек болған жоқ. 2017 жылы Қожамқұлова Ділбар келеді, бізбен танысады. Сол кісіге біз жарықтың ақшасын төлей бастадық. Қолма-қол немесе аударма арқылы ақша жіберіп отырдық. Әр тұрғын өзінің жаққан элекрэнергияның ақшасын жіберіп отырды.
Сол қарыздың кесірінен ауылдың электр сымы жиі қиылатын болған. Кей кездері тәуліктеп тас қараңғыда отыратын жұрт тұрмыстық техниканы да пайданалуды қойыпты.
Зарина Мәдиева:
— Қалаға іргелес тұрамыз. Бірақ ауылымыз өркениеттен жұрдай. Жарық, су, жол мәселесі бізді әбден шаршатты. Әсіресе жарық. Тек бір талабымыз — жекенің қолындағы жарық мемлекет меншігіне өткізілсе.
Альфиям Заитова:
— Біздің осы уақытқа дейін төлеп келген қаражатымызды жекеменшік мекеме «Алатау жарық компаниясына» өткізбеген. Енді «Алатау жарық» компаниясы «қарызды өтемейінше, жарықты қиып тастаймыз» деп отыр. Сонда біз екі ортада алданып отырмыз. Ақшамызды алған Ділбар Қожамқұловаға ешкім ләм-миім демейді.
Жекенің меншігіндегі трансформатор ауыл тұрғындарына бұдан 10 жыл бұрын пайдалануға берілген. Соның арқасында мұндағы 80-ге жуық үйде жарық болыпты. Бірақ былтырдан бері мекеменің қарызы 12 миллионға бір-ақ шыққан. Жергілікті әкімдік мәселеден хабардар. Бірақ қолдан келер қайран жоқ дейді.
Дәулетхан Жетеуов, Байсерке ауыл округі әкімінің орынбасары:
— Кейінгі кезде 12 миллиондай қарыз шықты. Оны халық болып жиналып, бәріміз прокуратурамен қосылып 12 миллионды жапқанбыз. Төрт миллион 700 қазір 10 сәуірге дейін жауып беремін деген уәде беріп отыр. Төленбей жатса, сот арқылы біз қолдау көрсетіп, АЖК-ға шығып, хат жазып, кепілхат жазып, өшірмеуге тырысамыз.
Дегенмен ауыл тұрғындары кәсіпкердің заң жүзінде жауапқа тартылуын сұрайды. Ал электр желілері алдағы уақытта мемлекет балансына өткізіле ме, ол жағы әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!