Жарға қашап жазу жазған Мәдениет үйінің директоры тағы жұмыссыз қалды
Жарты жыл бұрын Ыбықты сайда жарға қашап жазу жазған Мәдениет үйінің директоры тағы жұмыссыз қалды. Ол жақында ғана жаңа қызметке тағайындалған. Алайда жаздағы қылығы қайтадан алдынан шықты.
Автор: Жаңалық Ахаш
28.03.2024
Манас Көшербаев былтырғы еңбек демалысын Маңғыстаудағы тарихи-мәдени жерлерді аралауға арнаған. Сол кезде Ыбықты шатқалында қызының атын жарға ойып жазған. Бұл әрекеті әлеуметтік желіге таралып, халықтың ашу-ызасын тудырды. Кейін облыс орталығындағы саңырауларға арналған Мәдениет үйі директоры қызметінен қуылған. Жарты жыл жұмыссыз жүрген ол жақында Байғанин ауданындағы Қарауылкелді ауылындағы Мәдениет үйінің басшысы болып тағайындалды. Алайда жаңа жұмысына келгеніне жиырма күнге жетпей жатып тағы қызметінен кетуге мәжбүр болды.
Роза Айтжанова, Байғанин ауданының мәдениет, тіл дамыту бөлімінің басшысы:
— Байғанин ауданы Мәдениет үйі қазыналық мемлекеттік кәсіпорны директоры лауазымына биыл 6 наурызда конкурс арқылы Көшербаев Манас Маратұлы тағайындалған. Қазір әлеуметтік желіде таралып жатқан фото-видеоларға байланысты 27 наурыздан бастап Көшербаев Манас Маратұлы өз өтінішімен қызметінен босатылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!