Көкшетауда төтенше жағдай: Құтқарушылар үй арасында қайықпен жүр
Тоң кеш жібитін Көкшетауда да төтенше жағдай жарияланды. Себебі арнасынан асқан Қылшақты өзені тағы көтеріліп ахуал күрделене түсті. Қызыл су бірнеше көшеге жайылған. Қазір құтқарушылар көпқабатты үйлердің арасында қайықпен жүр. Тіпті жедел жәрдем қызметкерлерін де су көлігімен жеткізуге тура келген. Арнайы қызмет күні-түні өзен жағасын бекітіп, су шығарумен айналысып жатыр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
29.03.2024
Кешегі Қылшақтының арнасынан судың асып-тасуы тасқынның алғашқы беті ғана екен. Бүгін таңертең жағдай мүлдем қиындап кетті. Сай-салаға төгілген топан суға ие болу мүмкін болмай жатыр. Көпқабатты үйлерден тұрғындарды қайықпен шығарып, медициналық көмекті де қайықпен жеткізуге тура келді. Үйінен шыға алмай қалғандар да құтқарушылардың көмегіне жүгінуде. Ал су кірген баспанасын тастап далада жүргендердің халі одан да қиын.
Кеше жер үй суға лық толған. Кішкентай үш баласын жанталасып жүріп, үй иесі аман алып шыққан. Содан кейін арнайы техника келіп суды сорып сыртқа шығарыпты. Бірақ таңертең тасқын қайта әбігерге салған.
Тоңып қалса да баспанасын күзетіп жүрген тұрғындар белуардан кірген суды арнайы техникамен сорғызып, пештеріне от жағып жылынуда. Дәл мұндайды күтпесе керек, таң ата мұздай су лап қойғанда әбден сасқан. «Енді барар жеріміз жоқ, дүние мүлкімізді тастай алмаймыз» деп ашулы.
Кешеден бері 113 адам құтқарылып, мектеп-интернатқа орналастырылған. Оның 30-ы — бала. Қаладағы үш мектептің ойын алаңын су басып, жертөлелер суға лық толған. Абырой болғанда оқушылар каникулда. Ал екі балабақша малмандай болып, балақайлар үйінде отыр. Тасқынның беті қатты болған соң, қалада төтенше жағдай жарияланды. Шенеуніктер зардап шеккен тұрғындарға түгел көмек көрсетіледі деп отыр.
Бауыржан Ғайса, Көкшетау қаласының әкімі:
— Жұмыс басталып жатыр. Біз түні бойы жұмыс істедік. Қазір бүкіл тасты мында шығарып жатырмыз.Суға кеткен үйлерге заң бойынша көмек болады. Қазір комиссия жұмысына кірісті. Сонымен бәрін істейміз.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдегі жағдайды тікұшақпен бақылап,әуеден шолып шықты. Сексен көлді Көкшетаудың өзен-суы әлі қатып жатыр екен. Щучье, Зеренді курортты аймақтарында қалың түскен қар да әлі толық ерімеген. Соған қарағанда тасқын қаупі әлі алда сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!