Қарағанды облысында бүтін бір аудан кәріз суына батып жатыр
Қарағанды облысындағы Ботақара кентінде бүтін бір аудан кәріз суына батып жатыр. Септиктер ауыз-мұрнынан асқан. Өйткені оны тазалау құны бір сәтте екі есеге қымбаттаған. Ал жалдамалы баспанада отырған жағдайы төмен отбасылардың қалтасына бұл ауыр салмақ.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
29.03.2024
Тұрғындар да, жергілікті билік те кәріз суын тазалайтын компаниядан тарифті төмендетуді сұрап отыр. Бірақ ол құлақ аспай отыр. Енді бүкіл ауыл осының аузына қарап қалды. Тұрғындар тарифті өзі бекітіп алған кәсіпкерге құзырлы органдардың да тісі батпай отыр деп қынжылады.
Ботақара кентінің маңындағы су жаңа үйлер осыдан 10 жыл бұрын бой көтере бастады. Бірақ ел арасында бұл аудан «тұруға қолайсыз» деген атқа ие. Қоқысқа толы аулада кәріз суы көл болып жатады. Инфекциялардан қорыққан ата-ана балаларын далаға шығаруға жүрексінеді. Өйткені әр үйдің маңын сасық су басқан. Тұрғындар бірнеше баспанаға арналған бір септиктің дем арада толатынын және оның сору ақысының қымбат екенін айтады.
Айнагүл Құлова:
— Бізге қиын болды. Күйеуім мүгедек. Соның ақшасына қарап отырмын, ақша жетпейді. Бір зейнетақысына екі баламен мені асырап отыр. Ай сайын 6 жарым мың теңге маған өте ауыр. 100 текше метр 36 пәтерге. Тез толып кетеді. Оған кейде ақша болмай, қарыз болып қаламыз. Өзіміз қазір қарызбыз, өйткені амалымыз жоқ.
Септиктегі суды сору құны кентте кәріз суын сүзгіден өткізетін компания ашылғалы екі есеге көтерілген. Бірақ тұрғындар аталған компания кәріз өңдеп жатқан жоқ дейді. Ақылы түрде қабылдап алады да, шұңқырға төге салады. Онысы бөгеттен асып, далаға жайылып жатыр. Ауыл белсенділері арызбен экология департаментіне, тіпті прокуратураға дейін барған.
Бақсұлтан Бейсенов:
— Экология министрінің қабылдауында болдым. Ол Қарағанды облысы экология департаменті басшысы Дархан Ерғалиұлына аталған компанияны тексеруге тапсырма берді. Содан кейін департамент бастығы мені өзі көлік жіберіп кеңсесіне алдырды. Кабинетінде маған тексеріс өткізбейтінін ашық мәлімдеді. Министрдің сөзін елеген де жоқ. Ол мәселені білмейді деді.
Жұртты шулатқан копания аудан бойынша кәрізбен айналысатын жалғыз мекеме. Монполист десе де болады. Экология талаптары бойынша кәріз суын басқа жерге төгуге болмайды. Сондықтан тұрғындар амалсыз соның қызметіне жүгінеді. Ал оның иесі ауылдың бұрынғы әкімі екен. Кенттегі проблеманы да, заңды да жақсы біледі. Қоршаған ортаға жаны ауыратынын айтады. Сондықтан қымбат болса да, осында төгуі қажет. Осы бизнеске қомақты қаражат құйдым дейді.
Алмас Аяпбергенов, EcoLine KZ ЖШС директорының орынбасары:
— Осында төгілген әрбір текше метрге 500 теңге аламын. Көлікте 4-тен 7 текше метрге дейін кәріз суы болады. Бірақ мен ассенизатор көліктерін маған келуге мәжбүрлемеймін. Бірақ ол суды басқа жерге төгуге болмайды. Сондықтан жергілікті билік экология талабына сай орын дайындап берсін. Ондай орын бұдан басқа еш жерде жоқ. Керек болса. жаба саламын.Сонда көреміз, қайда барып төгетіндерін.
Тарифті өздігінен қойып алған компанияны моноплияға қарсы агенттік сотқа берген. Осы дау біткенше деп жергілікті әкім мен жергілікті басқару ұйымы бірлесіп кәріз суын ескі тоғанға төгу шешімін шығарған. Бірақ іске экология департаменті араласып, жеке компанияның сойылын соғып шыққан.
Асқар Отыншиев, Ботақара кентінің әкімі:
— Ол рұқсатты мен берген жоқпын, оны қоғамдық кеңестің хаттамасымен бекіткен. Оның өз төрағасы бар, өзінің хатшысы бар. Департамент экологиядан тексеру келді де, жинақтаушы иесі біз болғанан кейін. Оның ішінде ауыл әкімі мен болғанан кейін экология департаментінен келіп тексеріс жасады да, маған 55 мың теңге айыппұл салды.
«ЭкоЛаин» кампаниясының арызынан соң оқтай ұшып жетіп, айыппұл салған органды тұрғындар да көргісі келеді. Тіпті сол кәріз компаниясының «өзін тексерсін» дейді. Өйткені шұңқырына жинап жатқан лас су арнасынан асып далаға төгіліп жатыр. Айтуларынша, сасық су Самарқан су қоймасына құятын Нұраға ағып жатыр екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!