Президент: Тасқыннан бүлінген мүлік мемлекет пен ірі кәсіпкерлер есебінен өтеледі
Су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызмет пен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу керек. Бүгін республикалық штабтың отырысында президент Үкіметке осыны шегелеп айтты. Әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда апат салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Автор: Гүлвира Сейтенова
01.04.2024
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейді. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет.
Су тасқынынан төнген қауіп әлі сейілген жоқ. Ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Басты міндет — адам шығынына жол бермеу. Бұл орайда жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз қажет деді президент. Енді цифрлық даму, экология, су ресурстары және төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін су тасқыны, өрт секілді табиғи апаттарға тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуі қажет. Үкіметтің су ресурстарын дамыту жөніндегі бұған дейінгі жоспарын сынаған мемлекет басшысы халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеуді тапсырды. Ал тасқыннан бүлінген мүліктің барлығы мемлекет пен ірі кәсіпкерлер есебінен өтеледі деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. «Самұрық-Қазына»қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!