Ақтөбе облысында тасқыннан келген шығын есептеліп, оқушылар қашықтан оқуда
Ақтөбе облысында арнайы комиссия су тасқынынан келген шығынды есептеуге кірісті. Қазір әкімдіктегілер тұрғындардан өтініш қабылдап жатыр. Тіркелген отбасының шаңырағына барып бүлінген дүние-мүлкін қарайды. Ал эвакуация орталықтар орналасқан мектеп оқушылары төртінші тоқсанды қашықтан оқып жатыр. Тасқыннан баспанасын су басқандарды жайлы жерге көшірген соң ғана сабаққа келе алады.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.04.2024
Бір апта бұрын Жіңішке өзені арнасынан асқанда тұрғындар үйін тастап тұра қашқан. Қолына ілінген киім мен құжаттарын ғана алыпты. Су тартылғанымен, үйінде бүлінбеген дүние-мүлік қалмаған.
Сырым Бекімбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
— Үйімнің ішіне 80 сантиметрдей су кірді. Газ, тұрмыстық техника бәрі бәрі суға кетті. Тек құжаттарымызды алып үлгердік. Басқа ештеңе алынған жоқ.
Бибігүл Мұхамбетова:
— Жеті баламен мектептерде қаңғып жүрміз. Бұл үй ипотекада, әлі бес жыл төлеу керек. Ылғалдан газ жанбайды. Үйдің арғы жағы сызат беріп, жарылайын деп тұр.
Қазір арнайы комиссия су кірген үйлерді аралап, шығынды есептеп жүр. Облыс орталығында құжатты екі ауданның әкімдігінде қабылдайды. Есеп толық түзілген соң, бағалаушылар жұмысына кіріседі.
Жақсат Төлегенов, Астана ауданы әкімінің орынбасары:
— Әрбір үйді бірінші тіркеп аламыз. Содан кейін бағалаушыларға береміз. Бағалаушылар бізден кейін келіп арнайы мамандармен есептеу жүргізеді. Есептеу аяқталғаннан кейін біз тиісті қаржы сұратып, шоттарына аударамыз.
Ақтөбе өңірінде тасқыннан зардап шекпеген аймақ қалмады. Үш жарым мыңнан аса адам эвакуация орталықтарында. Уақытша паналау бекеттерінің бәрі білім ошақтарында орналасқан. Сондықтан осындай орталықтары бар мектептер пен колледждердің оқушылары қашықтан оқып жатыр.
Нұргүл Бертілеуова, Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары:
— Облыстағы білім беру ұйымдарында 41 уақытша эвакуация пунктері орналасқан. 39 мектепте, екеуі колледжде. 1 сәуірден бастап мектеп оқушларының көктемгі каникулы аяқталып, төртінші тоқсан басталады. Осыған орай эвакуация пункті болып жарақтандырылған 39 мектеп және апаттан зардап шеккен және су басу қауіпі бар 21 мектеп қашықтан оқуға ауыстырылады.
Ондаған ауылды су басып, тұрғындары тентіреп кетті. Дымсыз қалған жұртты жан-жақтан халық демеп жатыр. Ойылға гуманитарлық көмек апарғандар қатынастың жоқтығынан жете алмаған, кейін тікұшақпен жүкті алып кетті. Облыс орталығында екі жерде гуманитарлық көмек қабылдайды. Осы жерден жан-жаққа таратып отырады.
Ақбаян Мұратқызы, ерікті:
— Қала тұрғындарының алып жатқаны бар. Ойыл ауданынан эвакуация жасалып, қалаға келген тұрғындар көмек алып жатыр. Одан бөлек Ойыл және Қобда ауданына камазбен азық-түлік және қажет заттардың бәрі апарылды. Қобда ауданына екі көлік кетті, ал Ойылға тікұшақ кетті.
Ақтөбе облысында тасқыннан қауіп әлі толық сейілген жоқ. Бесінші сәуірге дейін құтқарушылар дауылды ескерту береген еді.
Ырғыз ауданына да алаңдап отыр. Қыс бойы өзендердегі мұзға тимеген еді. Онда аймақта енді жарып жатыр. Неліктен кеш қимылдап жатқанының нақты себебін айтар әзірге ешкім жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!