Төтенше жағдайлар министрлігі тасқын суды күтпегенін айтып ақталды
Тасқынға қарсы күрес күшейгенімен, тілсіз жаудың беті әлі қайтпаған. Қазір бес облыс қарғын судың құрсауында. Аймақ басшылары жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жариялаған. Әсіресе Ақтөбе, Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстарына тасқын қаупі сейілмей тұр. Төтенше жағдайлар министрлігі мұны ескертіп отыр.
Автор: Мерей Қалиасқар
02.04.2024
Бүгін Үкімет отырысында президенттің сын тезіне іліккен министрлер мен әкімдер сұрапыл тасқын жайлы баяндама жасап, келесі қадамдарын нақтылады.
Тасқыннан зардап шегіп жатқан бес облыста алапат судың қайдан келгенін төтенше жағдайлар министрлігі бүгін Үкіметте түсіндіруге тырысты. Вице-министр Сыздықовтың айтуынша, судың көбі өзен-көлдерден емес, даладан — ергінен қардан келіпті. Оған қоса желтоқсанда бірде жаңбыр, бірде аяз, бірде мұз болып қатқан соң, далада еріген қар суы тоң жерге сіңбей қалған. Төтенше жағдайлар министрлігі жазықтан аққан тасқын суды күтпегенін айтып ақталса, президенттен қатаң сөгіс алған су министрі су деңгейі бұрын-соңды болмаған деп ақталуға тырысты.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
— Су тасқыны кезінде қалыптасқан су деңгейі Қазақстандағы соңғы 30 жылдағы рекорд көрсеткіш. Бұл су тасқынының бұрынғылардан айырмашылығы көп. «Қазгидрометтің» бізге берген болжамын ескере отырып, наурыз айында су қоймаларының сыйымдылығын қосымша босатқан едік.
Алайда қабылданған бұл шаралар жеткіліксіз болғанын көрсетті. Жарты жыл бұрын құрылған ведомствоның басшысы өз орнынан кеткісі жоқ. Нұржігітов кінәліні іздеуден бұрын жағдайды ретке келтіру әлдеқайда маңызды екенін айтып, сұрақтан сытылып шығуға тырысты.
Жалпы көктем келгелі республикалық маңызы бар жолдарды 66 рет су басқан. Көлік министрі бұл ретте республикалық маңызы бар жолдарға еш зардап болмады, тек елдімекендер арасындағы тас жолдарды су басты деп отыр.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
— Ондай жағдай бар, ондай өңірлерде болған, яғни өңірдегі жолдар. Дәл сондай бес көпірді ,мүлдем бұзылған көпір бар. Оның есебін қазір судың деңгейі түскеніне қарай тиісті комиссия есептейді. Әр өңір комиссиясы.
Жалпы су тасқыны кезінде барлығы 15 мыңнан аса адам құтқарылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарттар, әйелдер мен балалар төтенше жағдай орын алған аймақтарынан бірінші кезекте эвакуацияланып жатыр. Үкімет басшысы тек үй-жайын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті жағдайды қиындатып жатқанын айтты.
Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:
— Қазақстандықтарды әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беріп, олардың нұсқауларын орындауларын сұраймын. Бұл адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Эвакуациялау— бірінші кезекте, сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керек.
Елдегі ахуал әлі де күрделі. Қызыл судың бой беретін түрі жоқ. Қазірдің өзінде Жайықта су деңгейі көтеріліп жатыр. Мамандар Қостанай облысының орталық және батыс бөлігінде тасқын басталуы мүмкін екенін айтады. Батыс Қазақстан облысында да жағдай қиын.
Серік Сайыров, "Қазгидромет" РМК бас директорының орынбасары:
— Батыс Қазақстан облысында су тасқыны кезеңінің екінші кезеңі басталып келе жатыр. Өйткені Жайық өзені алабының 80 пайызы Ресей аумағында орналасқан. Бүкіл су қалыптасу, қар мөлшері сол Ресейде жатқандықтан, өзен арнасынан міндетті түрде тасиды. Мамандардың айтуы бойынша ,ол сәуір айының екінші онкүндігінде басталады деп отырмыз.
Көршілес Ресейде қар қарқынды еріп жатқандықтан, бұл жағдай Қазақстанға әсер етпей қоймайды деп ашық айтты экология министрі. Дегенмен Ерлан Нысанбаев гидрологиялық және метеорологиялық жағдай күрт өзгерсе, ген «Қазгидромет» су тасқыны қаупі туралы дер кезінде ескерту жариялайды деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!