Майқайың: Автобуста қалған екі адамның туыстары көмек сұрап Астанаға келді
Майқайың кенішінде құлаған автобуста қалған екі адамның туыстары көмек сұрап Астанаға келді. Апаттың болғанына үш айға жуықтаса да, құтқарушы мен автобус жүргізушісінің мәйіті әлі табылған жоқ. Ал іздеу жұмыстары тоқтап тұр. Марқұмның жақындары құтқару жұмыстарын жалғастыруды талап етуде. Павлодар облысының әкімдігі мен жергілікті прокуратурадан күдер үзген олар енді жағдайға Президенттің араласуын сұрап отыр.
Автор: Гүлвира Сейтенова
02.04.2024
Құтқарушы Айдос Шәймерденнің әйелі Астанаға шиеттей бала-шағасын ертіп келген. «Асыраушымнан айырылдым, бес баламды енді кім асырайды» деп көз жасын тыя алар емес. «Жұбайымның мәйітін тауып берсе, ғұрыпқа сай жерлесек» дейді. Павлодарда іздеу жұмыстарын жалғастыруды сұрап, әкімдік пен прокуратураның табалдырығын тоздырған Нұрсұлу еш шара қалмаған соң, Үкіметтен, Бас прокуратурадан көмек сұрап отыр.
Нұрсұлу Шәймерден, құтқарушының әйелі:
— Бізді еститін пенде жоқ. Кішкентай балаларымды алып Астананың төріне келіп отырмын, алып берсе екен, шығарып берсе екен деймін. Тірі емес екеніне көндік қой, тірі дейін десем, үйде жоқ, өлі дейін десем, бейіт басы жоқ.
Топырақ астында қалған екі адам әлі күнге шейін апаттан құтқару қызметінің жұмысшылары ретінде есептеліп,оларға ай сайын жалақы төленіп отыр екен. Мәйіт табылмағандықтан, қайтыс болғаны туралы куәлік те жоқ. Сол себепті екі отбасыға өтемақы төленбеген, асыраушысынан айырылғанын отбасы ретінде жәрдемақы да ала алмайды. Автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің жақындары істің созылып кеткеніне наразы.
Амангелді Тілеубергенов, автобус жүргізушісінің туысы:
— Төрт кісінің өліміне комбинат жауап бергісі келмей, ағамыздың жұмыс орны, құтқарушылармен соттасайын деп жатыр, соларды кінәлі қылғысы келіп жатыр. Жер солардікі, ойылып кеткен жер солардың қателіктерінен, салғырттығынан болды, оны мойындағысы келіп тұрған жоқ. «Біздің кінәміз жоқ» дейді.
Іздеу жұмыстары қашан жанданатынын төтенше жағдайлар министрлігі де айта алмады. Қазба жұмысының тоқтағанына бір ай өтсе де, сараптама жасалмаған
Бауыржан Сыздықов, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:
— Екі жақ сараптама жүргізіп, құтқарушылар үшін қазба жұмыстары қаншалықты қауіпсіз екеніне шешім қабылдауы тиіс. Сарапшылар қауіп жоқ деп шешсе, әрине, іздеу жұмыстары қайта жанданады.
Индустрия министрі кен орнында өндірістік қауіпсіздікке қаржы аз бөлінетінін мойындады. «Бұл жағдайды Павлодар әкімімен талқыладық, инвесторға қатысты нақты шешімдер қабылдаймыз» - деді Шарлапаев.
Қанат Шарлапаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
— Бұған дейін істегеніміздей, акционермен тікелей диалог құрмақпыз. Ол кеніштегі өндірістік қауіпсіздік пен кен орнын игеруді өз мойнына алады немесе нақты осы инвестордың жер қойнауын пайдалану құқығы мәселесін қайта қарайтын боламыз. Бір шешімге келеміз.
Автобуспен бірге топырақ астында қалған екі адам әлі жоғалғандар санатында. Ал олардың отбасы зардап шегуші ретінде танылмаған. Павлодардан көмек сұрап келген қауымды үкіметтегілер Бас прокуратураға, ондағылар айналып келіп облыс прокурорына қайта бағыттапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!