Энергетика министрі: Электрэнергия бағасын кезең-кезеңімен көтеру қажет
«Реалист болайық, электр энергиясының бағасы түспейді». Бүгін Мәжіліс депутаттарының сұрақтарына жауап берген энергетика министрі 1 сәуірден бастап лицензиядан қағылатын жарық жеткізуші компаниялар нарықтан кеткеннен кейін тариф түспейтінін айтты. Керісінше, кезең-кезеңімен көтеру қажет деп санайды Алмасадам Сәтқалиев.
Автор: Гүлвира Сейтенова
03.04.2024
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
— Жылу бағасын айтар болсақ, оны өсіру керек. Себебі, елде жылу құбырларының жетпіс пайызы тозып тұр. Бірақ, баға бірден өспейді. Үкіметтің жоспарына сай, кезең-кезеңмен көтеріледі. Тарифті өсіру есебінен түскен қаражат өндіріс орындары қызметкерлерінің жалақысын көтеруге және тозығы жеткен жабдықтарды жаңартуға жұмсалады.
Мәжілістің бүігнгі отырысында, сондай-ақ, ұялы байланыс қызметінің қымбаттығы да айтылды. Ай санап өсіп жатқан баға халықтың қалтасын қағып, тынысын тарылтып барады деді депутат Елнұр Бейсенбаев. Былтыр байланыс қызметінің құны 57 пайызға өскенін алға тартқан мәжілісмен бұған операторлар өзі қалаған бағаны қоя алатыны себеп дейді. Бейсенбаев тарифті бекіту жөніндегі заңнаманы күшейтуді ұсынды.
Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты:
— Операторлар тіпті Бәсекелестікті қорғау агенттігін хабардар етуге де міндетті емес. Тарифтің өсетіні туралы бір ай бұрын хабардар етсе болды. Агенттік бағаның өсуі күдік туғызғанда ғана оның негізділігін тексеріп, заңсыздық анықталған жағдайда ғана айыппұл сала алады. Оның мөлшері де мардымсыз. Монополистік қызмет нәтижесінде алынған кірістің небәрі бес пайызын ғана құрайды. Яғни олар бес пайыздық айыппұлды төлеп, бірақ өз тарифтерін 59 пайызға көтеру оларға әлдеқайда тиімді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!