Алматы облысында жалақысын ала алмай жүрген құрылысшылар наразылыққа шықты
Алматы облысында жалақысын ала алмай жүрген құрылысшылар наразылыққа шықты. Талғар ауданына қарасты Нұра ауылында ескі мектепке күрделі жөндеу жүргізіп жатқан олардың маңдай тер ақысын көрмегеніне алты айдан асыпты. Жұмысшылар бұған дейін серіктестік басшылығынан еңбекақы талап етіп бірнеше мәрте барған.
Автор: Ақтоты Жұмабек
03.04.2024
Бірақ нәтиже жоқ. Бас мердігер күнде «ертең» деп, құрғақ уәдеге тойдырып келеді дейді. Құрылыстың әзірге аяқталар түрі жоқ. Соның салдарынан Нұра ауылының оқушылары ауыл әкімдігінің ғимаратымен көрші ауылдың мектебінде тарыдай шашылып оқып жүр.
Құрылыс компаниясының жұмысшыларға берешегі 25 миллион теңгеден асқан. Айтуынша, әрқайсысының алажағы 700-800 мың теңгеден бір жарым миллион теңгеге дейін.
Серік Айтжанов, құрылысты басқарушы:
— Жігіттерге қазір 700-800 мыңнан бастап бір жарым миллион теңгеге дейін берешекпіз. Екі күн болды, құрылыс тоқтап тұр. Ары қарай жалғастыруға ақша, қаражаттарын мүлде тоқтатып тастады, сол себептен.
Қазір жұмысшылар киер киімі мен ішер асына жарымай әбден қарызға батқан. Әрқайсысының басында несиесі мен туған-туысқа берешегі бар. Құрылысшылардың тең жартысы жөндеп жатқан мектепте тұрып жатса, кейбірі пәтер жалдайды.
Қайрат Сатов, құрылысшы:
— Мына мектептің ішінде жатып, жұмыс істеп жатырмыз. Кейде тамаққа да ақша болмай қалады. Ауылда бала-шағамыз бар. Несие, пәтерақы бар. Отбасын қалай асырайсың?! Ағайын-тумадан қарыз аламыз. Басқа қайдан аламыз? Мен мына жақтан отбасыма ешқандай ақша жіберіп жатқан жоқпын.
Құрылысшылардың арыз-талабымен аталмыш компанияның кеңсесінеде бардық. Мердігер компания жұмысшылардың талабымен келіспейтінін айтты. Керісінше, олар мекемеге қарыз деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Алдымен жұмыстың сапасын біліп, төлемін анықтаймыз деді.
Досан Мұрат, Sheber ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы:
— Істелген жұмысты толық бағалап шыққаннан кейін өзіміздің мердігермен акті жасаймыз. Ол актіге байланысты, кім-кімге қарыз екені анықталады. Егер біз мердігерге қарыз болған жағдайда, міндетті түрде біз шарт бойынша қарыз төлеп береміз. Жұмысшылардың жалақысы жайлы мен ештеңе айта алмаймын. Өйткені ол мердігердің жұмысшылары. Сондықтан да нысанға кесірін тигізетін, оны уақытында тапсыруына бөгет жасайтын жағдай көріп тұрған жоқпын.
Бар-жоғы үш қабатты мектепті жөндеу былтыр шілде айында басталып, осы жылдың маусым айында аяқталуға тиіс болған. Алайда қазір нысанның 50 пайызы ғана біткен. Енді ішкі әрлеу жұмыстары бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!