Ұзынағашта кәріз қалдығы тоғанының иісіне тұншығып отыр
Сасық иіске тұншығып отыр. Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылының тұрғындары іргеде жатқан кәріз қалдығы құйылатын тоғаннан тараған күлімсі иістен мезі болған. Күн жылыда есік-терезені аша алмай, қапырықтан қиналамыз деген олар мәселеге биліктегілердің назар аударуын сұрайды. Жерасты арқылы жан-жаққа тарап жатқан қалдық судан баспаналары тұрған жер де опырылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Автор: Әсем Лесбек
03.04.2024
Ұзынағаш жұртының берекесін қашырған бұл тоғанға күні-түні бүкіл ауылдан аққан қалдық суы жиналады. Ассенизатор көліктері жан-жақтың қалдығын осы орынға құяды екен. Соның салдарынан бүкіл ауылды қолқаны қабатын иіс жайлаған. Халық ауыз-мұрнын қымтап, есік-терезелерін ашудан қалған.
Алтынай Бауыржанқызы:
— Жазда қонақ шақыру мүмкін емес. Кешке жақын иісі сұмдық, желмен терезе аша алмаймыз. Есік ашылса, иісі бірден ұрады. Онымен қанша адам тыныс алады. Бұл деген адамға зиян ғой! Неге өздерің сол жерден жер аласыңдар деп, әкім бізді шығарып тастаған. Осы өзіміздің Ұзынағаштың әкімі.
Ғалия Тоғызова:
— Біздің бүгінгі мәселеміз — кәріз суы. Кеңес заманына қалған жиын су. Ішетін суға қосылып бара жатыр. Күнде кеште иісі мүңкіп шығады. Дәретхана тазалаған сасық су осында құйылады.
Қолаңса иіске тұншыққан жұрт жиналған кәріз қалдығының жер астымен өтіп, жақын маңдағы өзенге құйылып жатқанын айтты. Соның кесірінен төрт-түліктен бастап, өзіміз де түрлі дертке шалдығамыз ба деген қорқынышын да айтты.
Әбдусайыт Ергешов:
— Біздің басты проблемамыз — сасық суды құрту. Бұл жерден құрту керек қой. Мына жер халыққа толды, осының иісін біз иіскеп отырмыз. Жоғарыдан құйылып жатыр.
«Талай жыл мәселені айтып әкімдік табалдырығын тоздырдық» деген тұрғындар ешқандай жұмыс істелмегеніне қынжылады. Қазір ауылда мұндай 20-дан астам кәріз суы жиналатын орын бар екен. Жауапты мамандар мәселені шешу үшін жақын маңнан екі арнайы бассейін қазатынын айтты.
Қайсар Әпсейітов, Жамбыл ауданы ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
— Бізде фильтрацияның тозығы жеткен деп те айтсақ болады. Соның толуы қазір 90 пайыздан астам болып тұр. Енді бұл мәселені шешу үшін 2021 жылы жоба-смета дайындалған. Ол жерден 100 гектар жер бөлінген, фильтрацияға. Қаржы бөлінген. Жоба 2026 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады.
Осылайша тұрғындарға тағы екі жыл сасық иіске тұншығуға тура келеді. Десе де атқамінерлер 100 гектарлық полит фильтрацияға бюджеттен 7 миллиардтан астам қаржы бөлінетінін айтып, халықты сендіргендей болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!