Жылыойда тасқын, ал Құлсары мен ауылдарында 500-ден астам үйге су кірген
Атырау облысы Жылыой ауданыны тасқын судың зардабын тартып жатыр. Бүгін таңмен мұнда да дабыл қосылып, Құлсары қаласы мен ауылдарында 500-ден астам үйге су кірген. Өр суының екпіні қатты, тіпті тұрғындардың кейбірі көшіп үлгермеген. Құрсай өзені маңындағы ауылды түгел су басып кете ме деп алаңдаулы.
Автор: Жанат Молдашова
05.04.2024
Құрсай өзені арнасынан асып-тасып жатыр. Бүгіннің өзінде аудандағы ауылдардың 40 пайызы топан су астында қалды. Құлсарыға қатты қарқынмен келген тасқыннан тұрғындар абдырап қалған.
Үш күн бойы тасқын сумен арпалысқан Жадырасын тұрғындары жарты-ақ сағаттың ішінде ауылды су басып қалды деп отыр. Су белуардан келеді. Тұрғындар сау қалған мүлкін өз бетімен қайықпен алып шығуға талпынып жатыр.
Қалада байланыс нашарлап, интернет жылдамдығы баяулаған. Ал өр суының қалай және қашан келерінен бейхабар болған жергілікті биліктегілер де мұндайды күтпепті. Олар зардап шеккендердің бірін де қалдырмай жан-жақты көмек беріп, материалдық шығындарын өтейміз дейді.
Жұмабек Қаражанов, Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі:
— Су Құрсаймен жүріп жатыр. Айналасындағы орналасқан тұрғын үй болғандықтан, қауіпті дейміз. Тұрғындарға әлеуметтік желі арқылы ертерек айттық, ескерттік. Зардап шеккен азаматтарды эвакуация пункттеріне орналастырамыз. Тұрғын үйге, басқа да келтірілген залал шығын мемлекет тарапынан өтеледі.
Қазір облыс орталығымен де байланыс үзілген. Одан өзге, ауданға қарасты екі ауыл аралда қалып қойды. Жағдай ушыққаннан кейін ғана жергілікті алпауыт компаниялар мен оның мердігерлері көмекке келіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!