Үкімет басшысы: Бірде-бір тұрғын баспанасыз қалмайды
Ақтөбе облысында тасқыннан тағы бір бөгет бұзылып, Алға ауданындағы екі ауыл мен қыстақ тұрғындарын тікұшақпен көшіруге тура келді. Қарғын судың ағасына шыдамаған су қоймасы жекенің меншігінде екен. Бүгін бұзылған бөгеттің жағдайын көруге Үкімет басшысы арнайы келді.
Автор: Жаңалық Ахаш
05.04.2024
Тасқынға қарсы республикалық штабтың отырысы осында өтті. Өңірді түгел тікұшақпен барлап шыққан премьер-министр бірде-бір тұрғын баспанасыз қалмайды деп уәде берді.
Алға ауданына қарасты Бесқоспа ауылындағы екі жүз адам тікұшақпен көрші ауылға дереу көшірілді. Қызыл ту ауылы мен Табантал қыстағы тұрғындары да эвакуацияланған. Хромтау ауданы аумағындағы Мағажан су қоймасы қарғын судың ағасынан бұзылған. Бөгеттен аққан су осы Бесқоспаға қарай беттейді. Су қоймасы жекенің меншігінде. Бұзылғанша, бақылаудың қалай жүргізілгенін енді құзырлы органдар тексеретін болады.
Нұрбол Ержанов, Алға ауданының әкімі:
— «Мағажан» платинасының жарып кету себебінен көп көлемде су келген болатын. Су Бесқоспа ауылының ек көшесіне кіріп, 14 аулаға су кірді.
Қираған су қоймасын Үкімет басшысы Олжас Бектенов өз көзімен көріп қайтты. Премьердің Ақтөбеге сапары осы «Мағажан» платинасынан басталған еді. Ол меншік иесіне қарамай, елдегі барлық бөгетті жан-жақты тексеруді тапсырды. Бір Ақтөбе облысының өзінде 206 гидротехникалық нысан бар. Одан соң үйін су басқан тұрғындармен кездесіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті айтып өтті.
Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:
—Үйдің барлығы қалпына келтіріледі. Құжаттары болсын-болмасын, оған қарамаймыз. Ешкім баспанасыз далада қалмайды. Тұрғындар үйіне тезірек оралуы керек. Шығын бағалуды кешіктірмей, қазірден бастау қажет.
Премьер келіп-кеткен Ақтөбедегі Қарғалы өзені жағасындағы үйлерді құтқарушылар аралап жүр. Бұл жақтың тұрғындарының көшірілгеніне де бір аптадай болды. Бірақ кері оралғанына әзір баспанаға жоламауды сұрайды.
Ақтөбе облысында 1300-дей үйді су басқан. Түгі қалмай қирағаны жүзден асады. Бірақ бұл есеп нақты емес. Қабырғасы қақырап тұрғанымен, кейбіріне қол тисе, ылғалдан үгітіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!