Алматыдан Қостанай облысына 30 тонна гуманитарлық көмек аттанды
Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қарапайым тұрғындармен қоса шағын кәсіп иелері де қол созып отыр. Бүгін Алматыдан осындай 30 тонна жүк тиеген көліктер қызыл су басқан Қостанай облысының ауылдарына аттанды.
Автор: Ақтоты Жұмабек
05.04.2024
Салтанат Беделова, саудагер:
—Көрпе-жастық, жеміс-жидек, жейтін тамақ, әр кәсіпкердің қолынан шыққан киім-кешектер. Балаларға, ерлерге, үлкен кісілерге. Мысалы, өзім сөмке тігумен айналысамын, мектеп оқушыларына қолымнан келген базарлық дейді ғой, өз сыйлықтарымды бердім.
«Арқадағы ағайынға көмек қажет» дегенде, «Алтын орда» базарында нәпақасын айырып отырған саудагерлер түгел келіскен. Қомақты көмектің тез жинала қалуы да сондықтан. Сол 30 тоннадан асатын жүк төрт машинаға тиеліп, Қостанай маңындағы ауылдарға, Торғай мен Амангелді ауданына жөнелтілді. Оның ішінде азық түлік, көкөніс пен жеміс-жидек, киім-кешек, көрпе-төсектен бөлек, күнделікті тұтыну тауарлары да бар.
Жүк көліктеріне артылған заттар алдымен Қонаев қаласындағы арнайы штабқа жеткізіледі. Ары қарай ұшақ пен пойызға тиеліп, өңірлерге жол тартпақ. Кеткен логистикалық шығынды да базар әкімшілігі мойнына алған. Сондай-ақ, зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру қорына қомақты ақша да жинап берген.
Қанат Кемпреков, "Алтын Орда" сауда кешені директорының орынбасары:
— Бүгінгі жіберіп жатқан заттарымыздың бәрі күнделікті тұтыну тауарлары. Оның ішінде азық-түлік, көрпе-жастық, тағы да көптеген заттарды жіберіп жатырмыз. Аз да болса, қаракөз қазағымызға көмек болсын деп. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бүткіл ұжым болып соны атқарып жатырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!