Құлсарыда тасқын сейілгенімен, Құрсай ағысының қарқыны қатты
Құлсарыда тасқын судың қаупі сейілді. Дегенмен қала ішіндегі Құрсай өзені ағысының қарқыны басылмаған.
Автор: Жанат Молдашова
08.04.2024
Соңғы үш күнде Жылыой ауданынан 30 мыңнан астам адам эвакуацияланып, үш мыңға жуық ғимарат су астында қалды. Ауданнан жаппай көшкен тұрғындар Маңғыстау облысына орналасқан. Десе де топан су тосыннан келгенде үйінде қалып қойғандар да бар. Оларды құтқарушылар әлі шығарып жатыр. Оған қоса жүздеген үй жануары мен малды да алып шықты.
Қаладағы дүкендер мен кәсіпкерлік нысандар үш күн бойы есіктерін тарс жапқан еді. Бүгін біразы ашылып, жұмыс істей бастады.
Қалаға жан-жақтан тонналап гуманитарлық көмек келіп жатыр. Қазір ауданның 70 пайызы суда. Бірақ төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Жем өзенінің деңгейі төмен түскенін айтады.
Жантөре Демешов, Атырау облысы ТЖД басқармасының бастығы:
— Үш күнде Құлсары қаласындағы жағдай ушықты. Қазір судың кері қайтуына байланысты жағдай бірқалыпқа келе жатыр. Айналма жолда су әлі тасып жатыр, алайда Жем 40 см-ге түскен. Кейбір жерлерде 20 см. Аулалардағы іздестіру кезінде де судың болған жерінде айырмашылық бар. Судың болғаны мен қазіргі суда 20 см мен 40 см дейін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!