Талап: Ақтөбе облысында үйді тұрғындармен ақылдасып салсын
Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендер салынатын үйдің жобасын тұрғындармен ақылдасуды талап етуде. Ойыл ауданында Екпетал мен Берсиев елдімекендерін қарғын суы шайып кеткен-ді. Мұндағы баспаналар бүтіндей тұруға жарамай қалған. Бір ауыл толайым өзге жаққа көшеміз десе, екіншілері туған жерде қаламыз деп шешкен.
Автор: Жаңалық Ахаш
08.04.2024
Ал аудан билігі баспаналар халықтың қалауымен тұрғызылады дейді. Қазір арнайы комиссия анықтау жұмыстарын жүргізген.
Сондай-ақ әскерилер қатынассыз қалған ауылдарға қалқымалы көпір орнатып, керек-жарақты жеткізуге жол ашты.
Осыдан он күн бұрын топан су басқан Ойыл ауданына қарасты Берсиев ауылында 200-ден аса шаңырақ бар. Сол су тасқыны кезінде мұнда бүлінбеген баспана қалмады. Кейбірінің төбесі ортасына опырылып түссе, кейбірінің жары қақырап кеткен. Су кеткен ауылға тұрғындар келіп жатыр. Бірақ түгендейтін, ылғалдан аман қалған дүние-мүлкі жоқ.
Ақ тарының атасы Шығанақтың ауылы атанған елдімекеннің тасқыннан кейінгі түрі — қираған үй, құлаған қора-қопсы. Енді ғана есін жия бастаған тұрғындар құлаған үйлерінің сұрқын көріп шарасыз күйге түсті.
Саян Құлдасбаев, Ш.Берсиев ауылының тұрғыны:
— Халықпен біргеміз. Ішіміз жылап жатыр,қанша шыдағанмен. Жаңа үй салып берсе. Ауылдағы үйдің бәрі жарамсыз. Сол күйінде құлап қалған.
Бұл ауылдағы барлық үй саман кірпіштен салынған. Сырты бүтін көрінгендерінің іші қопарылып жатыр. Сондықтан бәрін сүріп тастап, жаңадан салсын дейді тұрғындар. Ал өзге жаққа көшуге бәрі қарсы. Құрылыс толық аяқталғанша, уақытша тұруға пана сұрайды.
Серікқали Құлтеміров, Ш.Берсиев ауылының тұрғыны:
— Ауылдың орнына салу керек. Ешкім көшпейді. Туып өскен жері, қара шаңырақ, кіндік қаны тамған жері. Тех паспортта қандай көлемде тұр, қорасы бәрі, көрсетіп тұр ғой заңды түрде, сол күйде берсін бізге.
Едіге Оразғалиев, Ш.Берсиев ауылының тұрғыны:
— Осы үйді орнына қойып, жылдамырақ жер құрғайды. Солай құрылысқа кірісіп кетіп, жылдам бітіріп берсе, риза болар едік. Үй құрылысы біткенше , бізге вагон ба, білмеймін, контейнер ме, ағаш үй болсын керек, қайткенде де бала-шағамыз келеді ғой.
Ойыл ауданында екі ауылды су шайып кеткен. Екпетал елдімекенінің алпыс шаңырағы ауылдың орнына қайта баруға қарсы болып отыр. Оларға жаңа үйлер аудан орталығынан салынбақшы. Ал Берсиевтегілердің қандай үй, қай жерден керегіне қалауы білсін дейді биліктегілер.
Асқар Қазыбаев, Ойыл ауданының әкімі:
— Су басқан тұрғын үйлерде арнайы комиссия шығып, анықтау жұмыстарын жүргізеді. Ертең бағалау комиссиясы келеді. Үйлерді бағалап, сосын осы тұрғындардың қалауымен жаңадан салады. Тұрғындар қалауы ескеріледі. Еш тұрғын үйсіз қалмайды.
Ойылға кіреберістегі көпір тасқыннан бұзылған. Көлік қатынасы тоқтап, тек жұрт қос қайықпен ғана қатынап келді. Енді қорғаныс министрлігіне қарасты понтон қалқымалы көпірмен жүкті де, жолаушыны да тасып жатыр. Бұл әскери техниканы бұрын осындай табиғи апат кезінде мүлдем қолданып көрмеген. Қонаев қаласынана келген сарбаздар Ойылда «біраз боламыз» деп отыр.
Айдос Бақытбеков, №5012 әскери бөлімінің понтон көпір батальон командирі:
— Біздің қойылған тапсырма қай уақыта дейін жасалып бітеді, халықтың жағдайы дұрысталып, көпір бәрі дұрысталлан соң қайтамыз.
Ақтөбе қаласында су әлі тартылған жоқ. Шаһар маңындағы ең үлкен Қарғалы су қоймасы толған. Оның суын жіберіп жатыр. Соны салдарынан өзен жағасындағы бірнеше елдімекенді су басқан. Көктем, Жилянка, Садовый тұрғын үй алаптары мен сол маңдағы саяжай тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп, өзен арнасын бекітуге барлық күш жұмылдырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!