СҚО: Сергеев су қоймасы ернеуінен асып, ауылдар жарықсыз қалды
Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы ернеуінен асып жатыр. Қарқынды судың биіктігі төрт метрге дейін көтеріліп, алып мұздарды ағызуда. Соның салдарынан электр бағаналары бүлініп, ауылдар жарықсыз қалды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
08.04.2024
Александр Елисеев, «СК РЭК»АҚ бас инженері:
— Ең басты қиыншылық — өзен сағасына қар суының құйылуы. Есіл арнасынан асты. Ағын су жолдарды шайып кетіп жатыр. Бар күшті жұмылдырып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып жатырмыз. Су басуы мүмкін елдімекендерді де бақылап отырмыз.
Электр желісіндегі ақау салдарынан жеті ауыл жарықсыз отыр. Құлап қалған бағаналарды мамандар мұздай су кешіп жүріп қайта орнатып жатыр. Ал Жарқайың ауылы мүлдем электр қуатынан ажыратылды. Өйткені тасқыннан мұндағы тұрғындар басқа жаққа көшірілді.
Құтқарушылар мен әскерилер су қоймасының жағалауын бекітіп жатыр. Егістік алқаптағы судың бағытын бұру үшін ауыр техникалар іске кіріскен.
Облыс орталығы Петропавлда да жағдай күрделі. Мұнда қар суы қаланы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Су арнасы» кәсіпорны мен 800-ден аса үй мен 5 мың саяжайға қауіп төндіріп тұр.
Евгений Журавлев, Евгений Журавлев,СҚО ТЖД бас маманы:
— 4 метр 15 сантиметр рекордтық көрсеткіш! Бірақ су деңгейі кешікпей төмендейді деп сенеміз. Біздің күш құрылымдарымыз дайын. Бір мыңнан аса адам, 213 арнайы техника, 94 су сорғыш құрылғы мен жүзу құралдары бар. Төтенше жағдайға жергілікті полиция да, әскерилер де сақадай-сай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!