Тасқын: Құлсарыдан Маңғыстауға 18 мыңнан астам адам эвакуацияланды
Тасқын судың құрсауында қалған Құлсарыдан Маңғыстауға 18 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Көпшілігі автокөлікпен жетсе, қалғаны пойызбен, ұшақпен келуде. Жалпы өңірде 200-ден астам эвакуациялық орталық ашылып, шамамен 83 мың адамға төсек-орын дайындалған.
Автор: Әйгерім Ашықбаева
08.04.2024
Тіпті қызыл су басқан аймақтағы науқастар да Бейнеудегі ауруханаға көшірілді. Оларға сапалы ем-дом көрсету үшін Ақтаудан бір топ дәрігер жіберілген.
Бес баланың анасы Апуза Төлегенова болған жағдайға сенер емес. Жылдап күткен баспанасына калты ай бұрын ғана қоныстаныпты. Үйін тастағысы келмей, өз бетінше көршілерімен бөгет жасаған. Алайда табиғи апатқа төтеп бере алмайтынын түсінген соң, амалсыз қауіпсіз аймаққа кетуге мәжбүр болған.
Апуза Төлегенова, Құлсары қаласының тұрғыны:
— Адамдар күні-түні ұйықтамай еңбек етті. Кетпейміз деп үміттеніп, көпке дейін күттік. Су қатты екпінмен келді, ағысы қатты болды. Балаларды алдым, есіме түскен 1-2 пакет киімін алдым. Ауыр жағдай, бәрін тастап кету қиын, жыладық, қиналдық. Өзіміздің қазақ ағайыным барлық жағдайды жасап қойған, бөлмелерін беріп, тамақ, киім беріп, өте жақсы ұйымдастырған, көп рақмет айтамын.
Апуза сияқты 600-ден астам тұрғын Ақтаудағы №17 жатақханаға жайғасты. Олар келгелі бері тұрғындар мен еріктілер киім-кешек, жеке гигиеналық құралдар, таза көрпе-төсекпен қамтамасыз етуде. Жан-жақтан түрлі көмек ағылып жатыр. Мейрамхана иелері құлсарылықтарға тегін түскі, кешкі ас әкелуде. Ал басқа да қажет заттар келушілердің сұранысына сай үлестірілуде.
Эвакуациялық пункттерде дәрігерлер мен психологтар жұмыс істеуде. Олар тұрғындарды қарап, жеке қабылдау өткізіп жатыр. Балалар да назардан тыс қалмайды.
Наурызбек Мағдатов, ерікті:
— 200-дей бала Ақтау білім бөлімі осы жерде орналасқан балаларды сабақпен қамтамасыз ету бойынша тізімді қайта жүргізіп анықтап жатыр. Ақтау білім бөлімінің шешіміне сәйкес, біліммен қамту алдағы уақытта шешіледі. Ақтау әкімімен және облыста облыс әкімінің штабы жасап жатыр. Керек нәрселерді штабқа жеткізіп отырмыз.
Жалпы, эвакуация басталғалы бері Маңғыстауға 18 мыңнан астам адам келген. Оның ішінде 8 мыңға жуық ересек пен 500-ге жуық бала Бейнеу ауданындағы Боранқұл, Есет, Сарға ауылдарында тұрақтаған. Бірі туыстарының үйіне жайғасса, бірі мектептің спортзалына орналасты.
Батыр Жұмағалиев, Құлсары қаласының тұрғыны:
— Боранқұл ауылына келдім. Осында азаматтар қарсы алып, 21 адам едік, бір бөдмені берді. Ертеңіне тамақ беріп, тәрбиелеп жатыр. Ауылымызға су келіп, халқымыздың берекетін алып, кішкентай баламен жол жүрген қиын ғой. Балаларым ауырып қалмау үшін Боранқұлға келдім.
Құлсарыдағы науқастар да Бейнеудегі ауруханаға көшірілген. Қосымша көмек көрсету мақсатында Ақтаудан бір топ дәрігер жіберілген. Аймақта құлсарылықтарға ақпараттық қолдау көрсету үшін жедел желі іске қосылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!