Құлсарыда тасқынның беті қайтып, тұрғындар үйіне оралып жатыр
Құлсары қаласындағы қызыл судың қарқыны қайтты. Қазір қаладағы кейбір кәсіпкерлік нысандар ашылып, үйіне су кірмеген тұрғындар баспаналарына қайта бастады. Жем өзенінің деңгейі біршама төмен түскен. Әскерилер өңірдегі алты бөгетті жарып, су ағысын Каспий теңізіне қарай бағыттапты. Осының арқасында тасқын қаупі сейілген.
Автор: Жанат Молдашова
09.04.2024
Жылыойлықтардың толассыз тасқынмен алысып жатқанына бүгін бесінші күн. Қазір қызыл судың қарқыны бәсеңдеген. Бірақ қалада үш мыңнан астам тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандар көлкіген су астында тұр. Дегенмен ауыл азаматтары қауіп сейілді дейді. Өйткені Ұлы Жем бойындағы бөгеттерді жарып, арнасын ашқан сайын, өзен деңгейі төмендей бастаған.
Амандық Иманбаев, ауыл тұрғыны:
— Бірінші келген күні суды Жадырасынға жырдық. Қазақта мақал бар ғой, «суды сай-салаға жыр, далаға жібер» деп. Не болса да, қаланы алып қалу үшін суды ағызып жатыр.Қазір Каспий жағының барлығы жарылды. Бүгінгі күні су 70 см түсті. Енді халық дүрлігетін нәрсе жоқ. Енді тек қалпына келтіру керек.
Облыс аумағындағы өзен-суды қазір күн сайын көктен бақылайды. Тікұшақпен өзен бойындағы бөгеттерді анықтап, арнайы жарылғыш құралдармен судың жолын ашуда. Дегенмен әлі де Жем бойында су ағысына кедергі келтіріп тұрған бөгеттер бар.
Қайрат Нұртаев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
— Жалпы он бөгет анықталған. Бүгінгі таңда алтауы жарылды.Тағы төртеуін толық жарып бітіреміз. Осының негізінде Жемнің деңгейі түсіп келе жатыр. Ендігі мақсатымыз — Құлсары ішіндегі суды сыртқа шығару. Ол бойынша жоспарлы түрде жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жем бойындағы бөгеттер бұзылғалы тасқын су да саябырсып, қала ішіндегі дүрбелең де басылды. Үй-жайына су бармаған ықшамаудан тұрғындары қалаға кері қайтып, кәсіпкерлік нысандар да біртіндеп жұмысын бастап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!