Су басқан Екпетал мен Жаңабаз тұрғындары аудан орталығына көшуге дайын
Ақтөбе облысындағы су басқан Екпетал мен Жаңабаз ауылының тұрғындары аудан орталығына көшуге дайын. Қазір Ойылда жаңа үйлер салынатын жер дайындалып жатыр. Бұл туралы эвакуация орталығын паналаған халықпен кездескен вице-премьер айтты.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.04.2024
Серік Жұманғарин бұрынғыдай Астанада емес, екі апта бойы тасқыннан зардап шеккен Ақтөбе өңірінде отырып жұмыс істейді. Ол Ойылдағы тіреуі бұзылған көпірдің құрылысын көріп, жөндеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл ауданда 340 үйді су басқан. Жер толық кеппей, 49 шаңырақ әлі су астында қалып отыр. Екпеталдағы елу шақты үй мен Жаңабаздың жиырма шаңырағы Ойылға қоныс аударады. Жаңа құрылысқа жер де дайын, қазынадан ақшасы да бөлінген. Вице-премьер тұрғындардың өз бетінше үй салу немесе баспана орнына ақшалай өтемақы алу мәселесін Үкімет деңгейінде қарастыруға уәде берді.
— Далада қалмайсыздар. Қысқа уақытта бітіреміз, бүкіл жұмысты. Кеше президент тапсырма берді, типтік үйлер болсын, соны саламыз. Әрбір үйдің көлемін де есептеп жатырмыз. Өз бағасы да қазір белгілі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!