Түркістан облысында несие алғандар шулап отыр
Қарызды қайтарғанымен, құжаттарын ала алмай жүр. Түркістан облысында мал алып, егін салу үшін несие алғандар шу шығарды. Себебі шаруалар «Яссы-несие» компаниясынан ауылшаруашылық мақсатқа жеңілдетілген несие алған.
Автор: Бек Әбиев
09.04.2024
Шарт бойынша бәрі жылжымайтын мүліктерін кепілге қойған. Енді қарызын қайтарса да, баспаналарының құжаттарын ала алмай жүр. Сондықтан ашуға мінген жұрт несие берген корпорация басшысының кабинетіне басып кіріп, құжаттарын талап етті.
Кезінде мемлекеттен жеңілдетілген несие алған бұл шаруалар бұл кеңсеге апта сайын келеді. «Мал асырап, егін егемін» деген жұртқа «Яссы-несие» деп аталатын жекеменшік компания аграрлық несие корпорациясы арқылы төмен пайыз кредит береді. Тіпті кепілге баспаналарын да қойған екен. Бірақ қарызын қайтарғанымен, кепілдегі құжатын мұндағылар жылдап ала алмай жүр. Өйткені делдал компания 5-6 адамды біріктіріп несие рәсімдеген. Соның ішіндегі қара тізімге іліккендердің кесірінен қалғандары құжатсыз қалған.
Мұхитдин Сыздықов, Кентау тұрғыны:
— Алты адам алған болсақ, бесеуі төлеген, біреуі төлемей жүр екен. Оны енді өйтіп-бүйтіп төлететін қылсақ, кешегі осы тексерулерден кейін артымызға тағы екі адамды қосып қойыпты, кепілі жоқ, кепілі қойылмаған. Оларға барсақ,» Не деп төлейміз, сен кімсің бізге?» дейді. Оның кепілге қойылған үйі де жоқ, басып алатын. Оны «Яссы –несиенің» өзі берген, ішінде жүрген басшылары ма, басқасы ма.
Берешегімізді кесте бойынша» өтеп қойдық» дегендер экономикалық қылмысты тексеру департаментіне шағымданған. Олар «құжаттарын қайтарсын» деген қағаз да беріпті. Бірақ несие серіктестігі созбалаңға салып, небір қитұрқы әрекетке барып жатыр дейді.
Рахматулла Әбішев, Сауран ауданының тұрғыны:
— Ендігі мәселе — «сендер мал алмадыңдар, 25 пайыз айыппұл төлейсіңдер» дейді бізге. Ол не жағдай десек, «сендер мал алсаңдар, бізге келіп, 4-5 айдан кейін сырғаларын көрсетіп, есеп тапсыруларың керек еді» дейді. Бізге 2017 жылы ондай нәрсе айтылған жоқ. Бұл осы екі апта бұрын шықты.
Наразы топ бұл жолы Аграрлық несие корпорациясының Түркістандағы филиалына басып кірді. Орнынан тапжылмаған басшыны қоршап алған олар «Яссы-несие» түрлі алаяқтарға ақша үлестіріп, ақырында адал шаруаларды сорлатты деп жазғырды.
Серік Жайықбаев, Түркістан қаласының тұрғыны:
— Үш қабатты үй бар, соны тіккен, мал алған. Бірақ шын мәнісінде үй де жоқ, жер де жоқ. Ештеңе жоқ. Мал да алмаған. 250 миллиондап алған, 100 миллиондап, 50 миллиондап алған. Біздің ЖК-те үш-ақ адам өзі. Екі адам қосып, бесеу етіп қойған. Компанияға барсаң , «біз қосқан жоқпыз, осы жер қосты, осы жер тексерген» дейді. Біздің құжатты тексерген осы жер дейді. Бұл жерге келсек, білмеймін, сол жаққа барыңыздар дейді. Сонда не?! Біз допыз ба, ары-бері жүгірте беретін?!
Ал несие бергендер ұжымдағы қайтармаған бір адамға бола бәрі күйетінін ашық айтады. Себебі келісімшартта ұжымдық жауапкершілік дегенге бәрі қол қойған екен. Сондықтан соңғы екі жылда 130 ғана құжатты қайтарыпты. Қазір тағы 114 шаруаның құжатын қайтару бойынша жұмыс жүріп жатыр екен.
Айдын Досқараев, Аграрлық несие корпорациясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
— Біздің несиелік комитеттің хаттамаға қол бір аптаның ішінде қойылып бітуі тиіс. Ол жерде өте көп сұрақ бар, қылмыстық істер бар. Соның бәрін есептей отырып, хаттамаға қол қойылады да, сол қол қойылғаннан кейін кімнің кепіл мүлігі босатылады, соларға ресми түрде хат беріледі, таныстырылады.
Шаруаларға несие беріп, қайтқан ақшаны өз қалтасына басқан «Яссы-несие» басшылары сотта шартты жазамен құтылған. Бірақ олардың үстінен әлі де тексеріс жүріп жатыр. Сондықтан кепілдегі құжаттарды қайтару әлі де сағызша созылатын сияқты. Себебі әлі мыңнан астам адамның кепілі агронесие корпорациясында жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!