Автобус апаты: Былапыт сөздерімен ашуын тудырған
Былапыт сөздерімен ашуын тудырған. Алматыда үш адамның өмірі қиылған автобус апатына қатысты сотта айыпталушы осылай жауап берді. 33 жастағы күдікті жүргізушіні қасақана соққыға жықпағанын, оның дөрекі сөздерінен кейін өзін ұстай алмағанын айтты.
Автор: Әсем Лесбек
10.04.2024
Сотталушының қорғаушысы рөлде отырған Ермек Шөкебаеваның сол сәтте шын мәнінде есінен танбауы мүмкін деген болжам келтірді. Жәбірленуші тарап кінәлілерден 20 млн теңге моралдық шығынды талап етті.
Бұған дейінгі қойылған сұрақтарға тек «иә», «жоқ» деп жауап беріп отырған айыпталушы бүгінгі отырыста ерекше белсенді. Ойын ашық айтып, қорғаушысы екеуі біраз мәлімдеме жасады. Сол күні Ермек Шөкебаеваның өзі «жігіттің намысына тиетін сөздер айтты» дейді. Сөзіне сенсек, «жолақысын дұрыс төлемедің» деп, ер адамның телефонын да жұлып алған көрінеді.
Дархан Ахметжанов, айыпталушы:
— «Сіз дұрыс емес жіберіп жатырсыз, маған беріңіз, өзім қайтадан жіберейін, дедім, бұл кісі «маған үйретпе, мен сенен жақсы білем, сен сияқты малдарды точно білемін, есімде» деді. «Қойсаңызшы» деп едім, «қоймасам, не істеп аласың, қолыңнан бірдеме келе ме, шамаң жетпейді ғой, өзің таяқ жеп қаласың» деді, сол кезде мен шыдамай ұрып жібердім.
Соққыдан кейін әйел өтірік есінен тануы мүмкін. Қорғаушы Әлім Мұстапаев сотта осындай болжам жасады. Бір қызығы, оның бұл жауабын автобус жүргізушісі ләм-мим десместен тыңдап тұрды.
Әлім Мұстапаев, айыпталушының қорғаушысы:
— Алайда жәабірленуші Шөкебаеваның бұл әрекеттерін «симуляция». яғни жалған жасау деп санауға болады. Өйткені әдетте есінен тану белгісі болып, денесінің барлық бұлшық етін әлсіреуіне және де қандай да бір оқиғадан кейін адамның бір мезгілден құлауына алып келеді. Сондықтан жәбірленуші Шөкебаева естен тануынан болған әрекетін «симуляция», яғни жауапкершіліктен жалтару мақсатында өтірік іс әрекеті деп санаймыз.
Еске салсақ, жол апаты желтоқсан айында Райымбек даңғылының бойында болған. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып өтіп, соның салдарынан үш адам көз жұмған. Тағы төртеуі түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Жүргізуші әйел де солардың қатарында. Бүгінгі отырыста екеуінің арасындағы жанжалға жолақысы себеп болғаны да айтылды.
Айнұр Құсайынова, жәбірленуші:
— Менің қызым басына барып, әкесін қолмен тырмалайды, папам аш шығар деп, 100 теңге ме, сол кезде, құны, жауап беріңіз, сіз оны 100 теңге үшін шығармай қойдыңыз.
Ал бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжаһан Ырсымбаеваның үлкен ұлы сотта үндемеді. Бірақ қорғаушысы жәбірленушілердің атынан моралдық шығынды талап етті.
Айдынғали Табылдиев, жәбірленушілердің қорғаушысы:
— Анасы мен әкесінің әрқайсысына 20 миллионнан 40 млн теңгеге бағалап отыр. Жауапкерлер Ахметжанов Дархан Маратұлымен заңды тұлға «Думан транс» ЖШС келтірілген моралдық зиян 20 млн теңге көлемінде қаражатты талапкер Құсайынова Айнұр пайдасына өндіруді сұраймын
Бүгінгі отырста аталмыш іске қатысты үш жәбірленуші болды. Олар марқұмдардың жақындары және автобустың жүргізушісі.
Айта кетейік, бұл оқиғаға қатысты ҚР ҚК екі бірдей бабымен іс қозғалған. Күдікті cегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!