Сенат мақұлдады
Отбасында ойран салатындардың жазасы енді қатаң болмақ. Қылмыстық жауапкершілік ерге де, әйелге де қатысты. Сенат депутаттары бүгін «Әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігі туралы» заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес, енді отбасындағы озбырлар әйелін өлімші етіп сабайтындар 8 жылға дейін сотталады. Ал бала өлтіргендер мен педофилдерге өмір бойы түрмеге қамау жазасы қарастырылған. Құжат президент қол қойған соң күшіне енеді.
Автор: Гүлвира Сейтенова
11.04.2024
Көптен бері талқыланған бұл заң жобасын сенаторлар бүгін бас-аяғы үш сағатта қарап, мақұлдады. Бұған «Салтанат кейсі» де түрткі болған секілді. Заңның тезірек қабылдауын сұрап, бұл күндері Сенатқа 5 мыңнан астам адам хат жолдаған.
Президенттің қол қоюйына жіберілген заң жобасында әкімшілік жазаның біразы қылмыстық жазаға ауыстырылған. Бұрын әйелін ұрып-соққаны үшін күйеуі 10 тәулікке қамалатын болса, енді 25 күн түрмеде отырады. Агрессормен бір шаңырақ астында тұруға тыйым салынады. Адамды азаптағандар айыппұлмен құтыла алмайды. Ал денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтірілген болса, шартты жазамен құтылу жоқ. Оның жазасы — 8 жыл. Бала өлтіргендер мен педофилдердің жазасы тіпті ауыр.
Жанна Асанова, Сенат депутаты:
— Жас баланы өлтіргені үшін, жас балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін және жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы — өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.
Заң қабылданса, баласын нұқып қалған ата-ана да ата-аналық құқығынан айырыла ма? Себебі денсаулыққа жеңіл зиян келтіру де осы заң жобасында Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырылған. Депутат Дархан Қыдырәлі көпшілікті толғандырған бұл мәселеге қатысты оқу-ағарту және ішкі істер министрліктеріне сауал жолдады.
Дархан Қыдырәлі, Сенат депутаты:
— Бізге келіп түсетін өтініш, хаттарда айырықша алаңдайтын жайт — ата-ананың балаға қатысты жаңа 108-1 және 109-1 баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауы оны автоматтары түрде ата-ана құқығынан айыруға әкеліп соқтырмай ма?
Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, балаға қасақана қылмыс жасалса, ата-ана құқығынан айрылады деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан. Соттың шешімімен және қылмыстық әрекет дәлелденген жағдайда ғана бала отбасынан әкетіледі. Ішкі істер министрлігі өкілінің жауабы осыған саяды.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
— Ата-ана құқығынан айыру қамқоршылық органдарының құзыретіне жатады. Бұл сұрақ әуелі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында, кейін сотта ата-ананың мінез-құлқы мен балаға қаншалықты қауіпті екені жан-жақты қаралады. Сондықтан заң қабылданса, ата-ана құқығынан айырылатындар саны көбейеді деп ойламаймын.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа заң бірінші кезекте әйел мен бала құқығын қорғауға бағытталғанын қайта-қайта айтты.
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
— Әрі қарай мақсат — осы заңға президентіміз қол қойса, ар жағында күшіне енсе, осы заңдардың жүзеге асырылуын бүкіл қоғам болып бақылау.
Парламент қабылдаған заң жобасында буллингке де жаза бар. Оқушыны қорқытатындар, «жолақы төлемедің» деп автобустан түсіріп кететіндер де айыппұл төлейтін болады. Бала ұрлағандар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!