{metadescription}
Құрғақ уәде
Құрғақ уәде

Құрғақ уәде

Не үй, не ақша жоқ. Алматы облысында үлескерлер екі жылдан бері пәтерлеріне кіре алмай жүр. Құрылыс бұдан екі жыл бұрын аяқталуы тиіс болған. Бірақ әлі күнге дейін көп қабатты үйдің қаңқасы толық қаланбаған. Баспаналы боламыз деп қуанған жұрттың басым бөлігі алғашқы жарнасын құйып, кейбірі толық төлем де жасаған. Бірақ әлі күнге дейін пәтер жалдап, тіпті туыстарын жағалап жүр.

Компаниядан не үй не қаражатын ала алмай жүргендердің бірі  Рүстем Құрманәлиев. Ол осыдан үш жыл бұрын «Эко парк» тұрғын үй кешенінен пәтер алмақ болады. Құрылыс компаниясына 6 миллионға жуық қаражат беріп баспанасына бір жыл ішінде көшуі тиіс болған. Бірақ берілген уәде бүгінге дейін орындалмапты.

Рүстем Құрманәлиев, Алматы қаласының тұрғыны:

Осы жерден 2022 жылы 20 пайызын құйып, үш бөлмелі пәтер алған болатынмын.Бірақ басында енді күттік. Бір жыл бойы үндемедік. Әне-міне деп келе жатыр. Алдындағы соңғы жиналыста сәуірде өткізеді деген. Біз сеніп келдік. Барлығы пәтер жалдап жүр. Өзіміздің үйге көшкіміз келеді.

Бұл кешеннен баспана алмақшы болғандардың қарасы көп. 200-ге жуық отбасы жиған-тергенін беріп қоныс тойын тойлаймақшы болған. Алайда жекеменшік пәтеріміз болады деп қуанған жұрт енді құрылыс компаниясының бас кеңсесін торуылдап жүр. Алайда бір жарым жылдан бері мардымды жауап алмапты.

 Абай Сауытов, Алматы қаласының тұрғыны: 

  2022 жылдың желтоқсан айында бізге кілтті, құжаттарды беру керек болған. Содан бері құрылыс тоқтап тұр. Бұл жерде мен ғана емес, 200-дей сатылған. 200 отбасы үйлі болу керек болған. Сырттан неше түрлі сыбыс естіп жатырмыз, құжаты дұрыс емес,  төрт үйдің ғана құжаты бар. Канализация, су проблема деп.

Қазір тоғыз қабатты зәулім үйдің әзірге екеуі ғана біткен. Ал қатарлас тұрған  екі үйдің тек қаңқасы ғана тұр. Құрылыс компаниясының айтуынша, үйді аяқтауға әкімдік рұқсат бермей отырған көрінеді. Тіпті әкімдікпен соттасып, істі жеңіп шығыпты.

Татьяна Абугалиева, «Элитстрой» компаниясының өндіріс директоры:

Біз қалаға қосылу шешімін  таптық, бірақ өткен жылдың ортасында Қарасай аудандық прокуратурасының ұйғарымы бойынша әкімшілік бізден алғашқы сәулетті жоспарлы тапсырысты қайтарып алды. Әкімдікпен соттасып, сотта жеңіп шықтық. Дегенмен қазіргі таңда құрылысты жүргізе алмай отырмыз,  өйткені бізге құрылысқа рұқсат талоны берілмей жатыр.

Аудан шенділерінің айтуынша, құрылыс жұмыстарының тоқтауына кәріз жүйесі себеп. Толық сараптамадан өткеннен кейін рұқсат беріледі дейді.

Дәурен Жапаров, Қарасай аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда құрылыс тоқтап тұрған себебі: ол жақта инжинерлік желілер қарастырылмаған. Не канализация жоқ, не су жоқ. Сондықтан қазір тоқтап тұр. Инжинерлік желілер қашан тартылады, сол уақытта құрылыстары ары қарай жалғасатын болады. Қазір екі үй аяқталып тұр, ар жағындағы үшінші, төртінші үйлер тоқтап тұр.

Ал құрылыс компаниясы мен әкімдіктің арасында сабылған жұрт «енді мәселеміз шешілмесе, сотқа шағымданамыз» деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде