Асханадан шыққан айқай
Жуынды жегізген бе? Алматы облысындағы Кемертоған орта мектебінде ата-аналар шу шығарды. Айтуларынша, білім ордасы 1 мен 4-сынып оқушыларына ыстық тамақтың орнына желінбей қалған қалдықтарды жылытып беріп жүр. Тұрып қалған тамақтың кесірінен балаларымыз құсып, іші өтіп, жиі ауыратын болды дейді олар.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
15.04.2024
Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен асханадағы азық-түлікті видеоға да түсіріп алыпты. Ал мектеп басшылығы мен асханаға жауаптылар әртүрлі жауап айтып әбден састы.
Сарғайып кеткен күріштен бөлек, жарамдық мерзімі екі ай бұрын өтіп кеткен айран-сүт те жүр. Ата-аналардың ашуын келтірген осы видео. Балаларының мектептен не жеп отырғанын көріп жағасын ұстаған.
Әсет Оңалбаев:
— Күріш қатып қалған. СЭС-тің нормативі бойынша, бір күнде желінетін нәрсе, баланікі. Ал оның қанша күн тұрғанын бір Құдай біледі. Одан кейін котлеттер. Мерзімі өткен, мөшек-мөшек сүттер. 200 грамм тамақ болу керек. Оның ішінде 50 грамм болу керек. 112,115 грамдар. Ет 5-6-ақ грамм.
— Неге олай істейді, қалай ойлайсыз? Ақша жасау ма?
— Ия, сол ғой. Ақша жасау.
Кемертоған ауылындағы бұл мектепте жалпы бес мыңнан аса оқушы бар. Соның 2800-і осы асханадан ас ішеді. Тұрып қалған тамақтың кесірінен бір бүлдіршін ішек ауруына шалдықса, қалғаны құсып, әбден мазасы қашты дейді ашулы аналар.
Гүлвира Сапарбай:
— Бірдей тамақ берілетіні 1 мен 4-тің арасына. Менде 5 мынып пен дайындық сыныбы. Олар тамақ ішпейді. Олардың іштері ауырмайды. Үйдің тамағынан. Баратын екі оқушым, біреуі — екі біреуі үш оқиды. Үшінші сыныптағы ұлымның тек аллергиясы мен гойморитімен алысқанмын.
Мәрия Құрманбекова:
— Қаншама миллиард ақша бөледі. Қандай қақысы бар, бұл кісілердің, біздің баламыздан жырып, жемқорлыққа баруға? Көгерген тамақ. Ыстық тамақ бермейміз. «Жесең же, жемесең қой» деп, мектепте сондай қарым-қатынас жасаса, болашағымыз қалай болады?
Білім ордасындағылардың пікірі әртүрлі. Анық-қанығын өздері де білмейтін сияқты. Сол асханадағы аспаздар видеодағы асты балаларға емес, итке береміз деп отыр.
Науат Үсембаева, аспаз:
— Ол жуынды емес. Ешқандай жуынды емес. Итке беретін тамақ. Балаларға бермейміз. Бізде жуынды алатын кісі үш күн жоқ болып қалды. Далада күн ыстық болғаннан кейін кіргізіп қойдық. Сол сәтте Әсет келіп көрді.
Ал мектеп директоры мұны тіпті алдын-ала дайындалған тамақ деп отыр.
Дархан Нақысбек, Кемертоған орта мектебінің директоры:
— Бейнематериалдағы сол жерде алдын ала дайындаған. Мысалы, мынандай котлет. Видеоны көрсеңіздер, қандай артықшылық болып тұр, қандай қоқыс болып тұр? Ешқандай жуынды жоқ. Менің бала-шағам осы мектепте оқиды. 2800 оқушыға жуынды бергізіп қойып, қарап отырам ба?
Басшылықтың жауабына сенбеген ата-аналар бүгін санитар мамандарға арыз түсірді. Қатаң тексеріс жүргізіп, қатысы барлардың бәрін жауапқа тартуын талап етуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!