Павлодар: Көмек көрсетілуде
Тасқын судан зардап шеккен өңірлерге жан-жақтан көмек көрсетілуде. Игі істен павлодарлықтар да қалыс қалмады. Бүгін Кереку өңірінен Солтүстік Қазақстан облысына 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді.
Автор: Ақмаржан Қайсарқызы
15.04.2024
Айгүл Мәлікова, Аmanat партиясы Павлодар облысы филиалының атқарушы хатшысы:
— Жалпы керек заттар алынды. Ол үшін біз Солтүстік Қазақстан штабымен хабарласып, қажетті заттардың тізімін білдік. Оның ішінде су, гигиеналық заттар, күректер, арбалар, мотопомпалар, төсек-орындары да бар.
Тасқынға тап болған Петропавлға азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар мен басқа да керек-жарақ тииелген 4 жүк көлігі жолға шықты. Қызыл судың зардабын тартқан халыққа жәрдем көрсетуге облыстық мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер, Ассамблея мүшелері мен 300-ден астам ерікті атсалысқан. Қазір шаһарда бірнеше көмек жинау пунктері жұмыс істеп тұр. Кезекті гуманитарлық жүк ертең Қостанай облысына жөнелтіледі.
Жақсылық жасаудан Абай облысының тұрғындары да қалыс қалмады. Бұл жолы Үржар, Мақаншы ауданының тұрғындары қызылсу құрсауында қалған өңірлерге 24 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Жүк пойызға тиеліп, Батыс Қазақстан облысына аттанды.
Сәметхан Ынтышев, Жоғарғы Егінсу ауылының тұрғыны:
— Үржар ауданының халқынан жиналған қаражатқа көмегімізді көрсетіп жолдап отырмыз. Алла Тағала аспанымызды ашық қылып, мынандай нәубет бұдан енді болмасын. Ағайындарға көмек ретінде жіберіп отырмыз. Осыдан құтылып, жаманшылық енді болмасын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!