Алматы: Жаңбыр төкті
Алматыда түннен бері толассыз жаңбыр жауып, 6 көшені су басты. Қатты нөсерден арықтар тасып, су үйлердің ауласына дейін кіріпті. Жылда ылғалмен алысып, әлекке түсетін тұрғындар әкімдіктегілерге айта-айтай шаршадық деп отыр. Бұл кейбір тұрғындардың қоқысты арыққа тастауының кесірі дейді қызыл су жайылған аудан жұрты.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
16.04.2024
Арнасынан асып айналаға ағылған арық суы алматылықтарды бүгін біраз әбігерге салды. Жан-жаққа жайылған судың деңгейін көліктердің дөңгелегі көрінбей қалған мына видеодан-ақ байқауға болады. Бүгін қызыл су астында 6 көше қалған.
Антон Решетников, Алматы қаласының тұрғыны:
— Асфальт үгітіліп жатыр. Жол опырылып түсіп, апат бола ма деп қорқып отырмыз. Негізі, арыққа қоқыс тастайтын тұрғындардың өздері. Кесірінен су толып кетіп жатыр. Әкімдіктегілерге айттық. Олар келіп, арықты кеңейту керек болған. Бірақ, сол күйі жоқ болды.
Толассыз жауған жауын суы алты үйдің ауласына кірген. Тұрғындар уақтылы тазаланбайтын арықтың кесірінен үйлерінің іргетасы үгітілетін болды дейді.
Дарья Решетникова, Алматы қаласының тұрғыны:
— Жылда қайталанатын осы мәселе. Жаңбыр жауса, арық толып, көшені су басады. Тіпті үйлердің ауласына дейін кіріп кетеді. Баспанамыз құлап қала ма деп қорқып отырмыз. Мысалы, алдыңғы жылы нөсер жауын-шашыннан біздің көшедегі 2-3 үйді су басып қалған болатын.
Ал «Алматы тазалық» қызметкерлері таңнан бері «бел жазбадық» деп отыр. Жол жұмыскерлер кісі аяғы көп жүретін ірі көшелердегі арықтарды тазалап әлі бітпеген.
Мәдияр Молдақұлов, «Алматы тазалық» МКК Бостандық ауданы жол жұмыскерлерінің бригадирі:
— Көбінесе арықтар толып қалады. Сол арықтарды толық тазалап, соларды реттеп отырмыз, қазір осы жауынға байланысты. Біздің әрқайсымызға бөлінген көшелер бар. Осы бригада әл-Фараби даңғылы бойында жұмыс істейміз. Навои көшесінен бастап Фурманов даңғылына дейін жұмыс істейміз.
Әкімдіктегілер қаладағы коммуналдық қызмет қарқынды жұмыс істеп жатыр дейді. Бүгінгі жауын шашынға 425 арнайы техника мен 800-ден астам жұмысшы жұмылдырылыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!