Түркістан облысы: Қарызға батырған
Түркістан облысында банк менеджері 50-ге жуық клиенттің атына несие рәсімдеп, қомақты қаражатты қалтасына басып келген. Ал оны зейнеткерлер мен мұғалімдер әлі күнге төлеп отыр екен. Оқиға Қазығұрт ауданындағы екінші деңгейлі банктердің бірінің бөлімшесінде болған.
Автор: Бек Әбиев
17.04.2024
Жарты жыл ішінде Ғалымжан Бақберді есімді менеджер зейнетақы мен жалақы алу үшін карта ашып беруді өтінген жұрттың сыртынан 200 мың мен бір жарым миллион теңге аралығында несие картасын ашып, оны өзі жаратып отырған. Кейін банктен өз еркімен шығып кеткен ол тергеуде алаяқтыққа барғанын мойындаған. Соған қарамастан қомақты қарыз арқалағандар несиені өздері төлеуге мәжбүр.
Қазығұрт ауданындағы банк бөлімшесіне жұрт келуге қорқып қалған. Себебі жалақы мен зейнетақы алу үшін банк картасын аштыруға келген жұрттың атынан банк менеджері қосымша несие картасын рәсімдеген. Ондағы қаржыны өзі жұмсап, жұрттың есебінен шалқып өмір сүріпті. Атына несие рәсімделгенін тұрғындар айлық пен зейнетақыны аз ала бастағанда ғана бірақ білген.
Махамбет Бертаев, зейнеткер:
— 300-300-ден 900 мың теңге алған, үш рет алған. Сөйтіп кейінгісі зейнетақыдан ұстала берген ғой. Сонымен бір миллион болды. Қрызым 18 мың теңгеден келіп жатыр, менің телефонымда да бар, 30 мыңы тағы бар. Кейінгісінде 70 мың теңгені бір-ақ ұстады. Сонымен 100 мың теңгеге бір-ақ жеттік.
Банкте жеті жыл жұмыс істеген менеджер Ғалымжан Бақберді жымысқы әрекетін 2022 жылдың қазан айында бастапты. Бірақ көп ұзамай өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Бірақ осы бес ай ішінде 47 клиенттің сыртынан 200 мың мен бір жарым миллион теңге аралығында несие картасын рәсімдеп, ақшасын өзі пайдаланған. Алданғандардың көбісі зейнеткерлер мен мұғалімдер.
Айнұр Сәтенбаева, мұғалім:
— Сізге бонус карта шығарып қойдым, болды енді, осымен барасыз да, ақшаңызды шеше бересіз деді. Сөйтіп кейін біліп отырмын, менің атымнан миллион кредит карта шығарып жіберген. Паролін өзі білетіндей ғып ауыстырып, бір жыл бойы үздіксіз алып-салып, пайдаланып отырған екен. Бір жылдан кейін, менің ақшамды ол кісі төлемей қояды екен, ақшам азайып отырады. Декрет демалысым бітіп, қайтадан жұмысқа шықтым, сонда айлығымда 30 мың теңге, 40 мың теңге кем болады.
Менджердің қылмысы әшкере болған соң қылмыстық іс қозғалған. Тергеу кезінде Ғалымжан Бақберді кінәсін толық мойындап, қазір іс сотта қаралып жатыр.
Батырбек Арынтаев, заңгер:
— Келтірілген шығын халықтан өндірілетінін айтып отыр. Заңның талабына сәйкес, бүкіл банк қызметкерлерінің іс-әрекеті бойынша банк жауапты болуға тиіс. Бұл заңсыз деп санаймыз. Өздерін жәбірленуші танудан бас тартып отыр.
Ал банк басшылары заңсыз рәсімделген несие пайызы уақытша тоқтатылды дейді. Бірақ негізгі қарызды кімнің қайтаратыны әзірге белгісіз.
Мейірбек Лебаев, «Халық Банк» АҚ Қазығұрт ауданы филиалының басқарма басшысы:
— Сотқа өтті, сот шешімін біз де күтіп отырмыз. Қазір соттың шешіміне қалай қабылдайды, кімді жәбірленуші ретінде, кімді айыпты ретінде таниды, содан кейін барып «Халық банк» жауап бере алады. Одан кейін барып біз жауап бере аламыз. Бізді қазір тіпті куәгер ретінде де шақырып жатқан жоқ.
Талайды тақырға отырғызған банк менеджерінің ісі немен аяқталары белгісіз. Ал банк картасын аштырамыз деп белшесінен қарызға батқандар оның қатаң жазалануын талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!