Бас бапкер ауыспайды
Париж олмпиадасына аттанатын спортшылардың киімін испандық тігіншілер тігетін болды. Форма толығымен демеушілердің ақшасына әзірленетіндіктен, спорт және туризм миинстрі мұндай шешімге бірден келіскен. Бастысы — бұл жолы жазуында қате болмайды, матасы бармай жатып жыртылмайды деп уәде берді Ермек Маржықбаев.
Автор: Айжан Шамшидин
18.04.2024
Бүгін мәжілісмендермен спорттағы қордаланған мәселелерді талқылаған министр футболға бөлінетін миллиардтарға да тоқталды. Ал бас бапкер Магомед Адиев қызметінде қала ма, жоқ па?
Төрт жылда бір мәрте өтетін Олимпиадада спортшыларымыз үшін тақымымызды қысып, жанкүйер болар сәт алыс емес. Тек сол жүлделі орынға таласта оза шабамыз ба, жоқ па? Салаға жауапты министрдің өзі сенімсіз. Бір сөзбен «жағдайымыз мәз емес» деді қысқаша. Әзірге тек ұлттық құраманың формасы ғана әзір. Оюмен көмкерілген көкшіл тақия мен барқыт бөрікті шетелдіктер пішіп-тіккен.
Ермек Маржықбаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
— Біз неге демеушілердің қаражатын қостық?! Егер бюджеттің қаражаты болса, міндетті түрде Отанымызда тігуге болатын еді. Бірақ демеуші ақшасы сол шетелде, солар тіккізейін деп жатыр.
«Иә, таза демеушінің қаржысына тігілгендіктен, қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» - деді Ермек Маржықбаев депутаттар алдында. Спортшылардың киімін испан тігіншілері тіксе де, бастысы — сапасы жоғары екен. Дегенмен мәжілісмен Қазыбек Иса шүберекті түгендегеніміз жақсы болғанымен, миллиардтар бөлінетін футболға «ақша қысқарту керек» дейді.
Қазыбек Иса Мәжіліс депутаты:
— Футболға бөлініп жатқан миллиардтар кімге кетіп жатыр? Бізде 49 клубтың ішінде премьер лигадағы 371 футболшының 150-ге жуығы, яғни жартысынан көбі легионерлер. Тіпті бірінші лигададан да 16 футболшы бар. Сонда жартысынан көбі шетел асып кетіп жатыр.
Маржықбаев футбол үшін республикалық бюджеттен соқыр тиын да бөлінбейді деп сендірді. Бар гәп жергілікті бюджеттерде екен. Бүгінде келіссөздер жүргізіліп, ақшаны қысқарту басталыпты. Ал Грекиядан 5:0 болып ойсырай ұтылғаннан кейін бас бапкерді ауыстыру мәселесі жер-жерде қылаң ете бастаған.
Ермек Маржықбаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
— Бас бапкер қазір ауыспайды. Сол адам жұмыс істейді деп сенімдіміз. Шарт қанша жылға? Ол келесі жылы бітеді. Футболға бөлінетін қаражат өзіміздің министрлікте қаражат жоқ. Бүкіл бөлінетін қаражат жергілікті бюджеттен. Сондықтан біз жергілікті бюджеттермен жұмыс істеп жатырмыз.
«Легионерлерді тартуды қойдық» деген спорт және туризм министрі «бар назарды енді өзіміздің қара домалақтарымызға бөлеміз» деп отыр. Оған бір ғана мысал— ауыр атлетика федерациясы. Кезінде шетелден тартқан мамандардың арқасында бір емес, бірнеше алтынды қанжығамызға байласақ, бұл жолы аталмыш спорттан алтын тұрмақ, бірде-бір лицензия ала алмапты. Бірақ сол алтын алғандардың бәрі кейін допингпен ұсталып, медальді қайтарғанымызды да айта кетейік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!