Садыр Жапаров бауырлас ел үшін аянып қалмайтынын жеткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресте гуманитарлық көмек жіберген қырғыз халқына өз алғысын білдірді. Астанаға арнайы қазақ басшысының шақыртуымен табан тіреген Садыр Жапаров та бауырлас ел үшін алдағы уақытта аянып қалмайтынын жеткізді.
Автор: Айжан Шамшидин
19.04.2024
Бүгін Ақордада қос елдің мемлекет басшылары келелі келіссөз жүргізіп, бірқатар маңызды құжатқа қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Ел аузында қазақ-қырғыздай, артық, бір-біріне жақын халық жоқ деген сөз бар. Бұл дұрыс айтылған тұжырым. Қазақстан бұрын-соңды болмаған топан суға ұшырады. Осындай қиын-қыстау кезде сіздің бастамаңыз бойынша Қырғызстан бізге гуманитарлық бауырлас көмек көрсетті. Біз шын жүректен, бүкіл қырғыз халқына алғысымызды айтамыз.
Садыр Жапаров, Қырғызстан Республикасының президенті:
— Қазақстан біздің ең жақын көршіміз. Сыртқы саясатымызда ерекше артықшылықтарға ие болған бауырлас мемлекет әрі негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасында ешқандай саяси, аймақтық қайшылық жоқ. Мемлекет басшысы лауазымына келгелі бері қырғыз-қазақ қарым-қатынасы болсын, халықаралық құрылымдарда болсын, маған қолдау көрсетіп келесіз.
Шағын құрамда келіссөз жүргізген қос елдің делегациясы бүгін бірқатар маңызды құжатқа қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, бұған белсенді саяси диалог, үкіметаралық және парламентаралық тығыз байланыстар ерекше серпін беріп отыр.
Жалпы алғанда екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы бір жарым миллиард долларға жеткен. Енді алдағы мақсат — алыс-беріс көлемін 2 миллиард долларға өсіру.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы автобекеттерді дамыту туралы іс-шаралар жоспарына қол қойылғанын айтты. Басты мақсат — шекарадағы тексерісті азайтып, көлік кептелісін жою. Бұл жұмыс екі ел үкіметінің ерекше бақылауында болады. Су-энергетика саласы да назардан тыс қалмады. Соңғы жылдары трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдаланудың өзектілігі арта түскен. Осы ретте шаруаларды жаз мезгілінде титықтатпас үшін бірлескен жұмыстарға мән беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!