{metadescription}
Жалған ақпарат
Жалған ақпарат

Жалған ақпарат

Елдің есін алған кімдер? Telegram мессенджерінде «жаппай теракт ұйымдастырамыз» дегендерді полиция іздеп жатыр. Жантүршігерлік мәлімдемеде тіпті «шабуыл жасалады-мыс» деген Астанадағы сауда үйлері мен мектептердің тізімі де көрсетілген. Тәртіп сақшылары ақпараттың жалған екенін бірден хабарлады. Енді сол фейкті таратқандарды анықтауда.

Телеграм мессенджерінде тараған жазбада белгісіз біреу 30-дан аса мектеп пен екі ірі сауда үйінде баратынын хабарлаған. Әсіресе білім ошақтарында ойран салатыны туралы аталып өтілді. Өздері 20 адам және ештеңеден қорықпайтыны, полиция оларды ұстай алмайтыны жазылған. Оған қоса қарудың суреті де жарияланды. Ал сөзінің соңын «мен тарихта қаламын» деп тәмамдаған.

Хабарламаны естіген ата-аналар баласын ешқайда жібермей, оқушылардың дені мектепке бармай қалды. Ал білім ошақтарында дереу қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Сәуле Теменова, №96 мектеп-гимназиясының директоры:

Шу болып жатыр. Ата-аналарымыздан қоңырау түсіп жатыр, сұрақ қойып жатыр. «Енді не істейміз, балаларымызды жібермейік пе, онлайн өткізесіздер ме?»  деп ұсыныс жасап жатыр. Ата-аналармен сөйлестік, ресми, қала бойынша бізге ондай бұйрық болған жоқ дедік. Өрт дабылы болған кезде есіктеріміз автоматты түрде ашылады,  бәрі 11 есік. Есіктерге бүкіл оқушы шығып кетуге мұршасы бар.

Білім бөліміндегілер қазір барлық мектеп қалыпты режимде оқып жатқанын жеткізді. Білім ошағына келген оқушылар кері қайтарылмаған, сабақ уақыты да қысқармапты.

Нариман Еламанов, Астана білім басқармасы басшысының орынбасары:

Біз бүкіл мектепті аралап шығып, айтылған мәселе бойынша қауіпсіздік қызметін күшейттік. Қазіргі таңда оқу процесі штаттық режимде жүріп жатыр. Бүкіл мекеме видеокамералар мен дабыл тетігіне қосылған. Қиын жағдай болған кезде жылдам әрекет ететін топтар бар.

Жұртты әуреге салған хабарламадан соң жергілікті полиция іске кірісті. Тұрғындардың үрейін туғызған ақпарат «шындыққа жанаспайды» деп отыр олар. Қазір сол жалған ақпаратты таратушылар іздестіріліп жатыр.

Данияр Шымырқұлов, Астана қ. ПД Экстремизмге қарсы іс қимыл басқармасының бастығы:

Білім беру ұйымдары тиісті қызметтермен тексерілді. Тұрғындардан тыныштықты сақтауды және тек ресми ақпаратты ұстануды сұраймыз. Естеріңізге сала кетейік, көрінеу жалған хабарлама таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Мәтініне дейін ұқсас осы тектес қорқынышты хабарламалар Ресейдің бірнеше қаласында және биыл Атырау мен Ақтөбеде таралғанын айта кетейік. Жалпы мұндай жағдайларда қылмыскерді ұстау қиын. Себебі бұл жазбалар көбіне тексеруге келмейтін мессенджерлерде таралады. Құқық қорғау органдары қанша киберқауіпсіздік шараларын күшейткенімен бірден хабарлама иесін таба алмайтыны сондықтан.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде