Роботехника: Тиімді кәсіп
Ақтауда 400-ге жуық оқушы алты ай бойы роботехника курсын тегін оқыды. Ozyq urpaq жобасы аясында жеткіншектер инженерия мен бағдарламалаудың негіздерін үйренген.
Автор: Әйгерім Ашықбаева
19.04.2024
Айгүл Райымқұлова, «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» жобалау кеңсесі басшысының орынбасары:
— Бұл жоба екі жыл бойы жүзеге асып келе жатыр. 2023 жылы Семей мен Жезқазған балаларын қамтыған болсақ, ол жақта 500 оқушы оқытылды. 2024 жылы үш қаланы қамтып отыр. Қызылорда, Қостанай және Ақтау қаласы. Бүгінде 1200-ден астам бала жоба аясында білімін алып отыр.
Жоба барысында алдымен маңғыстаулық 10 ұстаз біліктілігін арттырып, арнайы мамандардан тәжірибе алған. Роботехника және информатика сыныптарының мұғалімдері осылайша түйген білімін балаларға үйреткен. Олар өткізген факультативтері үшін "Нұрсұлтан Назарбаев қорынан" жалақы алды.
Ақтауда Ozyq urpaq жобасына №5, 11, 21, 29 және IT мектептің 2-7 сынып аралығындағы оқушылар қамтылған. Олар робот құрастырумен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай өздері бағдарлама жазып, 3D басып шығаруды, графикалық бағдарламаларды үйренген. Жоба қараша айынан бастап «Роботек» қазақстандық жетекші роботехника мектептерінің бірімен бірлесіп жүзеге асырылды.
Алтынбек Мерей, IT мектептің оқушысы:
— Мен бұл оқу барысында командамен жұмыс жасауды, ардуиононы үйрендім. Ол рдуино роботтың түрі, бұл арқылы роботтар жасаймыз. Мен командаммен осы оқудың арқасында Қарағандыда халықаралық жарысқа барып, жүлделі орын алдым.
Сұлтанбек Қазиев, «Роботек» роботехника мектебінің серіктестік желісі бөлімінің басшысы:
Жоба мақсаты – замани пән роботехниканы дамыту, 10 жыл бойы жинаған білімімізді жоба аясында мұғалімдер арқылы тарату. Әр қаладан 10 оқытушыдан оқыттық. Кейін ол оқытушыларға қосымша жұмыс бердік, өткізген сағаттарына байланысты жалақы төлеп отырдық. Ал балалар өз кезегінде мектеп аясында үйірмелерге тегін қатысты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!