Алматы: Паркингтегі сұмдық
Қаршадай қыздың денсаулығындағы ауытқуды пайдаланып, жерасты паркингте ойына келгенін істеген. Алматыда «Комфорт сити» тұрғын үй кешенінде 13 жастағы жасөспірімді зорлаған жұмысшы ұсталды. Ол сонда пәтер жөндеп жүрген құрылысшы екен. Психикалық дамуы кешеуілдеген қызды алдап, адам көзінен таса жерастындағы автотұрақта қорлық көрсеткен дейді оқиға куәгерлер. Қаланың элиталы ауданда болған қылмыс туралы КТК тілшісі біліп келді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
22.04.2024
Әл-Фараби даңғылы мен Гагарин көшесінің қиылысындағы комфорт санатындағы тұрғын үй кешеніне қарап, ә дегенде қауіпсіздігіне күмән келтірмейсің. Әр үйдің аумағы түгел қоршалған. Айнала толған бақылау камерасы. Кез келген адам оңайлықпен кіре алмайды. Бірақ өткен демалыста дәл осы тұрғын үй кешенінде 13 жастағы ойнап жүрген қыздың зорланғаны белгілі болды.
Бақытгүл Тұрлыбай, дүкен сатушысы:
— Күніне екі-үш рет дүкенге келетін. Заттар алатын. Бірақы лғи ақшасы жетпей қалатын. Тіпті ақша санауды білмейді. Анасына қайтадан барып жүретін. Есін дұрыс білмейді. Не істеп жүргенін, атын, жасы нешеде екенін білмейді. Денсауылығымен сәл проблема бар ғой деймін.
Күдікті аталмыш үйдегі пәтерлердің бірін жөндеп жүрген жұмысшы екен. Жасөспірімнің денсаулығындағы кінәрәтті пайдаланып, алдап, көзден таса жерге кіргізіп алған дейді тұрғындар.
Оқиға болжам бойынша үйдің астындағы автотұрақта болған. Байқасаңыздар, бұл жақта көлік бірен-сараң. Кісі аяғы мүлде жүрмейтін сияқты. Тұрғындардың айтуынша, күдікті қызды осында жетектеп әкеліп, арам ойын іске асырған.
Бірақ қаскөй алысқа ұзай алған жоқ. Полицейлер оны бақылау камерасы арқылы қолға түсіріпті.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
— Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сезікті анықталып, ұсталып, уақытша оқшау изоляторына қамалды. Қазір қылмыстық іс аясында басқа да мән-жәйы анықталуда.
Тергеу 121 баптың 4 тармағы, яғни жас балаға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті бойынша жүріп жатыр. Заңға сай, күдікті енді өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Еске салайық, президент өткен аптада ғана педофилдердің жазасын күшейтетін заңға қол қойған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!