Бишімбаев ісі: Айыпталушының ұялы телефоны қаралды
Бүкіл ел көз тігіп отырған Бишімбаевтың сотына бүгін Ресейдің танымал журналисі келді. Ксения Собчак процеске жай қатысушы ретінде келіпті-міс. Ал бүгінгі отырыста айыпталушының ұялы телефоны қаралды. Жаға ұстатарлық жайттар жария болған видео тіпті судьяның өзін тіксінтті.
Автор: Гүлвира Сейтенова
22.04.2024
Осыған дейін алты процеске журналистерді кіргізбеген судья бүгін тілшілерге залда болуға рұқсат берді. Түске дейін Бишімбаев «телефонымның құпия сөзін айтпаймын» деп отырып алған. Ал кызықтың бәрі түстен кейін басталды.
Сот процесіне жай ғана қатысушы ретінде келген Ксения Собчак есіктен кірісімен-ақ, Бишімбаев кенеттен телефонының паролін айтып берді. Салтанат өлген қарашаның тоғызы күнгі таңғы алтылардағы видеоларды бірінші болып судья қарады. Көрді де, жағасын ұстады.
Судья:
— Туыстарына көрмеуді ұсынамын ...
Видеода Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаевтың дауысына ұқсас ер адамның ұрсысып жатқаны естіледі. Ер адам «біреумен төсектес болдың ба?» деп сұрап жатыр. Бұл жерде тағы да белгілі кәсіпкердің аты аталды. Тек, Бишімбаевтың өзі бұл басқа күнгі видео деп бет бақтырмады.
Қуандық Бишімбаев, айыпталушы:
— Бұл монтаждалған видео. Менің телефонынды ашып, біреу жүктеген сияқты. Түсінгенімше, біреу видеоға менің дауысымды салған.
Судьядан кейін телефондағы видеоны мемлекеттік айыпталушылар қарады. Бүкіл залға естіліп тұрған дауыстар жүйкесіне әсер етіп, Салтанаттың әпкесінің жағдайы нашарлағандықтан, судья үзіліс жариялады. Оған тіпті дәрігердің көмегі қажет болды. Видео, одан кейінгі жылап-сықтау жүйкесіне әсер етті ме, сотты көруге келген Собчак 20 минуттай отырды да, кетіп қалды.
Үзілістен кейін видео жәбірленуші тарап пен алқабилерге, Бишімбаевтың адвокаттарына да көрсетілді. Салтанаттың бауыры кадрларды көре сала, жылап жіберсе, басында «монтаж» деп бет бақтырмаған экс-министр ақыры мұны өзі түсіргенін мойындады. Судьяның «неге бұлай істедің?» дегеніне, Бишімбаев «ол менің намысымды таптады, мен оны осылай қорлағым келді» деп жауап берді. Сот отырысы ертең таңғы сағат онда жалғасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!