Тасқын -2024: Ақтөбеде қауіп жоқ
Ақтөбе облысында тасқын шайған аумақты жаппай залалсыздандыру жұмыстары басталды. Бұл жұмысқа қорғаныс министрлігінің сарбаздары жұмылдырылған.
Автор: Жаңалық Ахаш
22.04.2024
Әскерилер облыс орталығындағы бау-бақша ұжымдарында жұмыс істейтін болады. Он күн ішінде бес мың гектардан астам аумақты дезинфекциялап, індеттің таралмауын қадағалайды. Себебі жеке сектордағы баспаналар мен саяжайлардың барлығының ауласында дәретхана бар. Қарғын су қаптағанда сол нәжіс суы да далаға аққан. Одан нешетүрлі жұқпалы аурулар тарауы мүмкін.
Ал облыс бойынша топан судан өлген малдың өлекселері толық өртелген. Тасқын болған аудандардың құдықтарынан санитар мамандар сынаманы апта сайын алып отырғандарын айтады. Алғашқыда бес сынамадан вирус табылса, залалсыздандырудан соң толық тазарды дейді СЭС мамандары.
Райхан Қойшанова, Ақтөбе облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:
— Бес жағдайда гигиеналық сәйкессіздік анықталды. Сәйкессіздік анықталған жағдайда дер кезінде жуу, залалсыздандыру су құбырлары ішінде жүргізілді. Одан кейін зертханалық су сынамалар өткізіп, гигиеналық талаптарға сәйкес болғандықтан, қайтадан сумен қамтамасыз ету жалғастырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!