Орал: Тасқынға тосқауыл
Жайық өзенінің суы әлі де Орал қаласы мен айналасындағы елдімекендерге қауіп төндіріп тұр. Қазір "Речник", "Венера" бау-бақша серіктестіктерінде тасқынға қарсы тосқауыл шаралары күшейтілуде. Тұрғындар бөгет салып, оны нығайту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Саяжай жұртына әкімдік тарапынан техника бөлініп, еріктілер жұмылдырылған. Тіпті өзге облыстардан сарбаздар да аттандырылуда.
Автор: Ұлан Нұрахмет
23.04.2024
Жайық өзенінің су деңгейі күн сайын көтеріліп жатыр. Сондықтан қос саяжай аумағына бөгет салынып, тасқынға қарсы шаралар күшейді. Қазір саяжай тұрғындары дүние-мүлкін қызылсудан сақтап қалу үшін, тәулік бойы жанталасып жатыр.
Жанғали Мұқанғали, Орал қаласының тұрғыны:
— Өз күшімізбен бес күн жер қаздық. Халықтан ақша жинадық. Қазір еріктілер келіп көмектесіп жатыр. Сондай-ақ әкімдіктен көмек беріп жатыр. Ризамыз.
Жұрт төрт шақырымды алып жатқан саяжай төңірегін түгел қымтап шыққан. Бөгеттердің биіктігі кей жерде екі метрге дейін жетеді. Оны нығайтып, тасқынға қарсы тұруға еліміздің әр өңірінен келген еріктілер қолғабыс қылуда.
Ерболат Есмұқанов, Қандыағаш қаласының тұрғыны:
— Қандыағаштан қасымда екі ағамыз бар. Ақтөбе қаласының жігіттерімен жиналып, бірге көмекке келдік. Мынандай жағдай басымызға түскеннен кейін барлық облыстан жігіттер келіп жатыр.
"Речник", "Венера" бау-бақша серіктестігінде 900 тұрғын бар. Ал бұл саяжайлар Жайық жайылған сәтте бірден суға кетеді деген болжам айтылған еді. Әйтсе де тұрғындардың табандылығының арқасында ойпаң жердегі баспаналар қызылсудан аман қалды. Енді қауіпті участок қатаң бақылауға алынып отыр.
Асыланбек Хайруллин, Орал қаласы ТЖБ инженері:
— Қазіргі таңда, жергілікті атқарушы органдармен, ТЖД құрлым бөлімшелері, Ақтаудан келген 100 сарбаз жер астынан шыққан суды мотопомпамен сорғызып жатыр. Бұл жерде орталық штаб құрылған. Республикалық штабқа бәрін баяндап отырамыз.
Ал тасқынның беті қайтпай тұр. Соңғы тәуілікте су деңгейі тағы екі сантиметрге көтерілді. Бүгін Абай облысынан тасқын шайған аймақтарға 500 әскери қызметкер көмекке аттанды. Оның 200-і Орал қаласына барады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!