Тасқын – 2024: Қолға ақша берілмейді
Су тасқынынан зардап шекккен отбасылар мемлекеттен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін қосымша көмек алады. Бұл жарты мииллоннан аса сома. Оған отандастарымыз үйіне қажет тұрмыстық техника ала алады. Ал баспана салуға бөлінген қаражат адамдардың қолына берілмейтіні бүгін Үкіметте қадап айтылды.
Автор: Айжан Шамшидин
23.04.2024
Өлген төрт түліктің есебі де арнайы нөмірленген, яғни биркасы бар малдарға ғана төленеді. Құлағында ондай сырғасы болмаған малға өтемақы алу мүмкіндігі бар ма?
Тасқыннан кейін есеп-қисапты бір түгендеген Үкімет ауқымды апаттың бүгін зардабын қаузады. Мұндай қарғын су әлегін қазақстандықтар соңғы 80 жылда сезінбепті. Ал бұл жолы еліміздің 10 аймағын қызыл су бірінен соң бірі басқан.
Қарғын судың құрсауында қалған елдімекендерде жағдай қазір тұрақталуда. Тұрғындар жергілікті әкімдіктерге қираған баспанасы бойынша өтініш қалдыруда.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің сөзінше, бүгінде 11 мыңға жуық отбасыға 370 мың теңгеден төленген. Бұнымен Үкіметтің көмегі таусылмайды. Бүлінген тұрмыстық техника үшін тағы 550 мың теңгеден үлестіріледі.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
— Бірнеше өңірлерге әкімдік шешімімен қолына қаражат береміз. Тек жөндеу жұмыстарына. Үйін қайта тұрғызу үшін қолына аражат бермейміз.
Баспана тұрғызуда Үкімет «тендер жариялап уақыт жоғалтпайық» деп шешкен. Сол өңірде аты мәшһүр құрылыс магнаттары жаңа үйлердің кірпішін қалауды бастап кетіпті. Дегенмен бұл тұста ескеретін бір жайт, су астында қалған қара шаңырақтың электронды есепте құжаты түгел болуы міндет. Ал жермен-жексен болған қора-қопсы, монша мен әжетханалардың шығыны төленбейді.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
— Біздің төтенше жағдай туралы заң бойынша ,біз тек баспанамен қамтамасыз етеміз. Қазір өтемақы беріп жатырмыз. Зардап шеккендерге 100 АЕК бердік. Бірақ қора-қопсы секілді нәрселерді қайтып тұрғызбаймыз. Себебі біздің ең басты мақсатымыз — баспанамен қамтамасыз ету.
Үкімет басшысы үйін су басқан тұрғындарды «ешкім күштеп қалаға көшірмейді» деп уәде беріп отыр. Дегенмен бір анығы, енді жылда қызыл судың астында қалатын өңірлерге қайта ауыл салынбайды. Тасқын кезінде атқарылған іске баға берген атқамінерлер адам өмірін сақтап қана қоймай, ауылдағы ит-мысықтың өзінен көмекті аямадық деп отыр.
Бауыржан Сыздықов, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:
— Жан-жаққа қарасақ ,көршілес мемлекеттерге қарасақ, мысық пен ит түгілі, өкінішке қарай, адамдарын да құтқара алмай жатыр. Ал біз бүкіл адамдарымызды құтқарып, оларды қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қазақ айтады «ит — жеті қазынаның бірі». Оны да, тірі жанды құтқаруымыз керек.
Су тасқынынан өлген төрт түліктің өтемақысын төлеу шарттары да бекітілді. Орта есеппен 7 мыңнан аса малдың өлгені расталған. Оның басым бөлігі ұсақ екен. Қорадағы малынан айырылғандар енді малдың құлағындағы енін, биркасын комиссияға өткізуге тиіс. Ал төрт түлігін тіркемеген ағайын, куәгерлерді тарту арқылы өтемақы ала алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!