Алматыда Coffee Book ашылды
Бүгін Халықаралық кітап күні. Мереке қарсаңында Алматыда жаңа кітап кофеханасы ашылды. Игі іске «Мазмұндама» баспасы мұрындық болып отыр.
Автор: Ақтоты Жұмабек
23.04.2024
Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен танымал ақын-жазушылар қатысты. Дәмханада ыстық тағамдар мен сусындар ішіп қана қоймай, өзіңізге ұнаған кітапты оқуға болады. Тұтынушыларға ыңғайлы жерде орналасқан кофеханада үш мыңға жуық кітап бар. Сөрелерден танымал авторлардың түрлі жанрдағы кітаптарын кездестіруге болады. Ересектерге және балаларға арналған қазақ, орыс тіліндегі шығармалар да бар. Әлемдік бестселлер, классикалық көркем әдебиет, танымдық әдебиет, бизнес, психология тағы да басқа туындылар көпшілік назарына ұсынылған. Тағы бір ерекшелігі — кітап сатып ала отырып, кофені тегін ішуге болады. Басты мақсат — кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау және кітап оқуға деген оқырман қызығушылығын арттыру дейді жоба авторы.
Шыңғыс Мұқан, «Мазмұндама» баспасының басшысы:
— Кітапты шығару бір бөлек, оны халыққа кеңінен тарату екінші бөлек. Сондықтан бұл «Мазмұндама» баспасының кітап кофехана деген жаңа жұжырыдамасымен ашылған бірегей жобасы. Мақсатымыз — кофе сату емес, мақсатымыз — білім тарату, кітап тарату. Сондықтан бұл жерде мыңнан астам атау кітап қойылған. Жартысы — орысша, жартысы— қазақша. Адамдарға кітап оқып отырып тиімді әрі жайлы уақытын өткізуге осындай орын жасағымыз келді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!