Турагенттіктер тартысы ұйымдастырылды
Еуропа өркениетінің бесігі — ежелгі Грекиядан, жер бетіндегі жұмақ аталып кеткен — Мальдив аралдарына дейін. Туризм саласындағы мамандар саяхат сүйер қауым арасында ең көп сұранысқа ие 12 мемлекеттің ең көрікті жерлері мен сұлу табиғатын көрсетіп өзара жарысқа түсті. Бас жүлде — 3 миллион теңге. Туризмға қатысты мұндай ауқымды байқау елімізде алғаш рет өтіп отыр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
25.04.2024
Алматы театрының сахнасы бұл жолы ерекше жайқалды. Ауыздығымен алысып, тынымсыз тыпыршып тұрған айғыр мен маң-маң басып шыққан түйе де көрінді. Әр мемлекеттің ұлттық киімін киіп, биін билеген бишілерге де қарап көзің тоймайды. Бұл Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген тур компаниялардың көрсеткен өнері.
Яила Қадырбекова, KOMPAS туроператорының атқарушы директоры:
— Ең алдымен туризм мамандарын дамытып, кәсіби және өзіндік қасиеттерін дамыту. Шабыттандыру. Талпындыру. Жаңа белестерді бағындыруға кішкене тарту.
Ұйымдастырушысы — KOMPAS туроператоры. "Звезда туризма" атты байқау ақпан айында басталған. Небәрі екі аптаның ішінде 250 өтінім келген. Үміткерлер біраз бәсекеге түсіп, іріктеліп 12-сі ғана ақтық сында өнер көрсетуде. Енді әрқайсысының мақсаты — жеребе бойынша таңдалған мемлекеттің әсем табиғатын көрсетіп, тарихына үңіліп, ерекшеліктерін тізіп шығу. Сахнада өз-өзін ұстауы мен актерлік шебері де сыналды.
Абзал Қасанаев, көрермен:
— Бәсекелес дейміз, ұту үшін елдерін күштілеп тұрып мадақтап жатыр. Өте ерекше ,қызығатындай орындар бар екенін жеткізіп жатыр. Бұл енді туризм саласына өте жақсы үлес деп есептеймін.
Сахнаға бірі алғаш рет, енді бірі төселіп алған тур компания директорларының бұлай тыраштанып, жеңіп шығуға тырысуы тегін емес. Бас жүлде
— 3 миллион теңге. Қалған екі орынға әлемнің кез келген нүктесіне әуе билеттері беріледі. Ал кімнің мықты екенін ел алдында жүрген әділ қазылар анықтамақ.
Арман Қоңыр, әнші:
— Бізде үш талап бар — артистизм, өзіне сенімділік, жүргізушілермен қарым-қатынас. Сахнада еркін ұстай ма, қалай сөйлеседі, қалжыңдасады. Сол үш талап қойылды басында. Сол талаптарға қарап, бағалап жатырмыз.
Әне-міне дегенше, 12 қатысушы өнерлерін тамашалап бітті. Үшінші орынды Астанадағы тур компанияның жетекшісі алса, екінші орынды қатысушылар арасындағы жалғыз ер — Тараздағы турагенттіктің негізін қалаушысы еншіледі. Ал бас жүлдеге берілетін — 3 миллион теңге Павлодар қаласындағы туристік компанияның директорына бұйырды.
Айта кетейік, аталмыш байқау Алматыда өтіп жатқан «Туризм және саяхат» қазақстандық халықаралық көрменің аясында ұйымдастырылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!