Бишімбаев ісі: Прокурорлар сот тергеуін қайта бастауды сұрады
Бишімбаев ісі бойынша прокурорлар екінші сотталушы Бақытжан Байжановқа қатысты екі айыптың бірін алып тастауды және сот тергеуін қайта бастауды сұрап отыр. Сондықтан жарыссөз 2 мамырға қалдырылды.
Автор: Гүлвира Сейтенова
29.04.2024
Бүгін таңертеңге жоспарланған процеске конвой екі сотталушыны әкеліп болмай, отырыс кеш басталды. Бірден сөз алған прокурор Саяхат Нұрбеков айыптаушы тарап Байжановқа қатысты ҚР ҚК «Дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша айыптан бас тартып, «Қылмысты жасыру» бабымен қылмыстық істі қарауды жалғастыратынын айтты. Мемлекеттік айыптаушының бұл өтінішіне жәбірленуші тарап та, Бишімбаевтың қорғаушылары да қарсылық білдірмеді. Тек Байжановтың адвокаты жаңа айыптау актісімен танысуға уақыт сұрады. Судья өтінішті қанағаттандырып, келесі сот отырысын бейсенбіге белгіледі.
Естеріңізге сала кетейік, ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаев былтыр 9 қараша күні әйелін асқан қатыгездікпен өлтірді деп айыпталып жатыр. Ал өткен аптада сот тергеуі аяқталып, процеске қатысушылары жарыссөзді бастауы керек болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!