Оқушылары арасында волейболдан жарыс өтті
Алматыда мектеп оқушылары арасында волейболдан жарыс өтті. Жасөспірімдер арасында өткен сайысқа 9 команда бағын сынады.
Автор: Ақтоты Жұмабек
29.04.2024
Әр ауданнан іріктелген 9 команда ойыншылары сайысты тартысты өткізіп, қызықты ойын көрсетті. Ала допты алақанында ойнататын балалар талай байрақты бәсекеде бақ сынап жүрген кіл мықтылар. Жалпы саны 150-ге жуық оқушы қатысты. Өзара бақ сынасқан спорт саңылақтарының жарысы жоғары деңгейде өтті. Шараның басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттап, жас волейболшылардың шеберлігін шыңдау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Аталмыш шараны Алматы көлік және коммуникациялар колледжі ұйымдастырды. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Бостандық ауданынан келген құрама командасы иеленсе, екінші орын Наурызбай ауданының еншісіне бұйырды. Ал үштікті Әуезов ауданы қорытындылады. Жеңімпаз командалар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Ербол Мағазов, Алматы көлік және коммуникациялар колледжі директорының міндетін атқарушы:
— Бүгінгі іс-шара Алматы қаласы білім басқармасы мен техника және кәсіптік колледждерінің арасындағы жоспар деңгейінде өткізіліп отыр. Негізгі бағыты —жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту. Екіншіден — мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру. Дүбірлі дода болды. Балалардың деңгейі өте жақсы, өте биік. Жас балалардың, жас жеткіншектердің спортқа деген ынтасын көріп тәнті болып отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!