«Саламатты Қазақстан» пойызы сапарын Батыс Қазақстаннан бастайды
Бүгін Астанадан «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы сапарға аттанды. Дәрігерлер бригадасы бар пойыз ел бойынша 147 бекетке аялдап, шалғайдағы 90 мыңға жуық ауыл тұрғынына тегін амбулаториялық көмек көрсетеді. Бұл мақсатқа 1 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылыпты.
Автор: Мерей Қалиасқар
01.05.2024
Айнұр Егінбаева, медициналық пойыздың бас дәрігері:
— Барлық маман саны — 28. Биыл жаңадан қосылған мамандар: травматолог, онколог, маммолог, психолог, сонымен қатар барлық Құрал-жабдық жаңартылды. Биыл маммография аппараты қосылды. Батыстан Солтүстік Қазақстанға, одан кейін Шығыс Қазақстан, одан кейін Оңтүстік Қазақстанмен аяқтаймыз. 800-ге дейін адам қабылдаған күндеріміз болған.
Биыл «Рельстегі емхана» өз жұмысын су тасқынынан зардап шеккен батыс өңірінен бастайды. Кәсіби дәрігерлердің көмегін алдымен Маңғыстау облысы Тұрыш ауылының тұрғындары алады. Аталған жобаның аясында бекеттердің және іргелес елдімекендердің тұрғындары білікті 14 арнайы маманға қарала алады.
«Саламатты Қазақстан» пациенттері тегін ультрадыбыстық зерттеу, ЭКГ, рентген және флюорографиядан өте алады. Консультация-диагностикадан бөлек, стационарларға жоспарлы емделуге жолдама беріп, тіпті шағын операция да жасай алады. Медициналық пойыз қызметінің арқасында диагнозын ерте анықтау мүмкіндігі артқан. Қозғалыс кестесі шалғайдағы бекеттерде медпункттердің жоқтығы мен азаматтардың өтініші негізінде әзірленді.
Ерболсын Маленов, медициналық пойыздың тіс дәрігері:
— Екі жыл шығып отырдым. Әр станциядаекі күндей тұрғанына байланысты, барынша көп, тез әрі сапалы қабылдауға тырысамыз. Уақыт тапшы болған соң, диагностика және консультация болып есептелінеді. Қабылдайтын пациенттердің жасы шектеусіз. Жастар да, орта жас пен үлкен кісілерді де қабылдай береміз. Күніне 200 бен 500-дің арасында адам қабылдауға тырысамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!