Экс-министр Бағдат Мусин қызметінде несімен ерекшеленді?
«35 қаланы шаң қаптырып, интернетіміз Токионы басып озды» деп талайды таң қалдырған цифрлық даму және инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымынан босатылды. Күні кеше Бағдат Мусиннің отставкасын Ақорданың баспасөз қызметі растады.
Автор: Айжан Шамшидин
01.05.2024
Әзірге бұл орынтаққа кімнің жайғасқандығы туралы ақпар жоқ. Экс-шенеунік өзінің инстаграм парақшасында жасалған жұмысын жіпке тізіп, көпшілікке алғысын айтқан. Әр айтқан сөзі жұрттың қытығына тиіп, мемге айналып кеткен министр көптің есінде немен қалды?
Оқтын-оқтын бұқараның алдына шықса болды, әр сөзі көптің қытығына тиіп, мемге айналып кеткен Бағдат Мусин министр креслосында тура үш жарым жылға жуық отырыпты. Бағдат Батырбекұлы қаңтар оқиғасынан кейін жаңартылған үкімет құрамында қалды, биылғы ауыс-түйісте де министрлер тізімінен аластатылмады. Бірақ ештеңе мәңгі емес.
Шенеуніктің Қазақстан интернет жылдамдығы жағынан «біразынан көш ілгері, тіпті Токиодан да» деп, асылық айтқан мәлімдемесін дүйім жұрттың ұмытпасы анық.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі экс-министрі:
— Біз 35 қаланы шаң қаптырдық! Тіпті Токионы да басып оздық!
Экс-министр Анкарада Түркия президенті Режеп Ердоғанның да көзіне түскен. Қазақстан делегациясымен қол алысу кезінде түрік басшысы Мусиннің жанында ұзақ тоқтап, ең әуелі жасын сұрапты. Қазақша бастап, кейіннен түрікше судай әңгіме-дүкен құрған біздің шенеуніктің қарым-қабілетіне Ердоған таңданысын жасырмаған.
Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, бес баланың әкесі, үлгілі отағасының цифрландыруға қосқан үлесін айтпасқа болмайды. Жеке басты куәландыратын барлық құжат электронды форматқа көшірілді. Қолыңыздағы телефон арқылы еш жерге бармай-ақ, көлік пен баланы тіркеу мүмкіндігі қарастырылды. Соңғысына алыс-жақын елдердің өзі қызыға да, қызғана қарайды. Соңғы айтқан ұсыныстарының бірі — өрт, жер сілкінісі, топан су жайында бір мезетте ақпарат жеткізетін жаппай хабарландыруды енгізу еді.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі экс-министрі:
— Бір реттік байланысқа арналған SMS-тен айырмашылығы, Cell Broadcast технологиясы миллиондаған азаматтарды белгілі бір аумақтағы төтенше жағдайлар туралы тиімді хабардар етуге арналған. Бұл жүйе су тасқыны, өрт немесе лаңкестік әрекеттер, техногенді апаттар, басқа да төтенше жағдай туралы дереу хабарлауды қажет ететін кезде қолданылады.
Мусин басшылық еткен тұста Қазақстанға 5G желісі келді. Мүлдем интернеттің иісі мұрнына бармайтын шалғай ауылдар, ең болмаса, төмпешіктің үстіне шығып ғаламтор ғаламатын сезіне бастады. Ең бастысы, бұрынғы министрдің аты сыбайлас жемқорлық фактілерімен былғанбады. Қаржы мониторингі агенттігі былтыр Азаматтарға арналған үкіметке қатысты тексеру жүргізіп, әзірге Бағдат Мусиннің ведомствосы парақорлықтан ада екенін анықтаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!