Жайықты бойлаған тасқын Атырау облысына таяп қалды
Жайықты бойлап аққан қарғын су Атырау облысының аумағына таяп қалды. Соңғы үш күнде Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында су деңгейі күрт көтерілген. Қазір мамандар Атырау қаласын тасқыннан аман алып қалу үшін суды Индер ауданы аумағында ұстап қалуға күш салуда. Ол үшін Каспийге құйылатын көне каналдардың арнасы тазаланып, қауырт жұмыс жалғасуда.
Автор: Жанат Молдашова
02.05.2024
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында соңғы үш күнде су деңгейі күрт көтеріліп, ағыстың қарқыны күшейген. Жайықтың ескі салаларына үш-төрт метр биіктіке дейін су келген. Ауыл әкімі су жолындағы қауіпті шаруашылықтарды алдын ала көшіріп тастап, күні-түні бөгет басында жүргенін айтады. Дегенмен қауіпсіз деп арқаны кеңге сала алмаймыз деп отыр.
Болат Шаменов, Тайпақ ауылының әкімі:
— Бізде бұрын қазақ-орыстар тұрған жер биікте тұр. Қазір бұл жерге біз он екіні теңгере аламыз. Бұрын да 94-те су осының астына келді. Мына су үш күннің төңірегінде толды. Төмен түскен сайын су қатты келіп жатыр.
Ал Атырау облысында тасқынға қарсы қарқынды дайындық жүріп жатыр. Жұрт Жайықтың ескі сай-саласын ашып, қойнауын суға толтырмақ. Индер ауданының өзінде ондаған шақырымға созылатын көне канал суға толды. Ол үшін су ағатын арналарды тал-теректерден тазартқан. Осылайша арнасынан асып бара жатқан мол судың көлемін азайтпақ.
Дарын Шамұратов, Индер ауданының әкімі:
— Ең басты мақсат — көлдерді, көлтабандарын ашу, су шығару. Сол арқылы бөгеттерге түсетін қысымды азайту. Қазір 21 көлге су шығарылды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы шекарадағы Сарман, Жанама ауылдарына шыға беріс жолдардағы тазартылып, ағаштардан , жыңғылдардан аршылып, еркін шығуы үшін жағдай жасалды.
Атырау облысындағы Жайықтың 522 шақырым жағалауының 514 шақырымы бөгеліп, бөген жасау жұмыстары аяқталуға жақын. Бес миллионнан астам құм салынған қапшық төселген. Каспийге тіке құятын ескі каналдарды кеңейту, табанын тереңдету үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!