Павлодарда жекенің қолына өтіп кеткен саябақ жері мемлекетке қайтарылды
Павлодарда жекенің қолына өтіп кеткен саябақ жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Шұрайлы орынға ірі кәсіпорын көппәтерлі екі тұрғын үй салуды жоспарлаған.
Автор: Ақмаржан Қайсарқызы
02.05.2024
Алайда ауданы бір гектардан асатын «Металлургтер» паркінің жер учаскесі «Қазақстан алюминийі» АҚ-на жер және сәулет заңнамасын бұза отырып бөлінгені анықталды. Өрескел заңбұзушылықты облыстық прокуратура әшкере етті. Қазір қадағалау актісі бойынша заңсыз рұқсат беру құжаттарының күші жойылып, саябақтың жер телімі мемлекетке қайтарылды. Ал заңбұзушылыққа жол берген бірқатар жауапты қызметкер жазадан сытылып кетуі мүмкін. Себебі олар жұмыстан шығып кетіпті.
Дастан Сәкенов, Павлодар облысы прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары:
— Бұл жер заңсыз берілген. Біріншіден — бас жоспардың талаптары бұзылған, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бұзылған. Бұл рекреациялық жерге жататындықтан, көпқабатты тұрғын үй салуға тыйым салынады. Қазір жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Залал толығымен мемлекетке өндірілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!