Өскеменде 70 отбасы жалдамалы пәтерін заңдастыруға талап қойды
Өскеменде он жыл бұрын баспаналы болған жастар далада қалуы мүмкін. Себебі олар осы күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген. Биылдан бастап бәрінің келісімшарт мерзімі аяқталыпты. «Барар жеріміз жоқ» деген 70 отбасы пәтерін заңдастырып беруді талап етуде.
Автор: Ұлан Нұрахмет
10.05.2024
Алайда әу баста жатақхана ретінде салынған ғимаратты жекеменшікке рәсімдеуге болмайды дейді атқамінерлер. Сондықтан тамыз айында баспаналарды босату туралы хабарлама берілген.
Жап-жаңа екі бөлмелі пәтердің кілті Мақпалдың қолына 2014 жылы тиген. Төрт баланың анасы осы үйде он жыл өмір сүріпті. Енді көпбалалы отбасы тамыз айынан бастап далада қалуы мүмкін.
Мақпал Исанова:
— Міне, он жыл болды. 2018 жылдан бастап әкімшілікке бардық. Табалдырығын тоздырып біттік. Қалалық әкімшілік, одан облыстық әкімшілікке барды дегеннен кейін. Сіздердің сатып алу құқықтарыңыз бар деді. Соған үміттеніп жүрміз.
Алайда келісімшартқа сәйкес, есепшот ашып қаражат жинағандардың салы суға кетті. Өйткені баспаналарды жекеменшікке шығаруға болмайды екен. Оған себеп. бес қабатты тұрғын үй жатахана ретінде салынған. Енді тұрғындар нарықта үйдің бағасы қымбаттаған тұста кімнен көмек сұрайтынын білмей дал.
Ләззат Әбілқайырова:
— Үйден айырылғалы отырмыз. Бала-шағаммен, отбасыммен далада қалатын жағдайым бар. Осы тамыз айында, 2024 жылы үйдің ұзарту мерзімі аяқталады.
Шенеуніктер де «қолдан келер шара жоқ» дейді. Әу баста жатақхана ретінде салынған баспаналар жастарға уақытша тұруға берілген. Сол себепті 70 пәтерлі үй заңдастыруға жатпайды.
Әсел Қайырбекова, ШҚО Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
— Заңмен белгіленген нормаларға сәйкес, бұндай жатаханадағы бөлмелер жекешелендіруге жатпайды. Бұл шарттар бойынша, сол жатаханаға қоныстанған жастар ол туралы білді. Сол шартқа қол қойды.
Енді жетпіс отбасы баспанасын босатып беруге тиіс. Алайда «далада қалдық» дегендер кімнен көмек сұрарын білмейді. Өйткені Өскеменде үйдің бағасы аспандап кеткен. Тіпті он жыл бойы жиған қаражаттары да баспананың алғашқы жарнасын құюға жетпейді екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!