Атырау облысында тасқын қаупі сейілмей тұр
Атырау облысында тасқын қаупі сейілмей тұр. Жайық өзені ернеуіне жетіп, ағыс қарқыны артқан. Соның салдарынан Индер ауданындағы жолды су шайып, кентке кіретін жеті шақырым тас жол жабылды.
Автор: Жанат Молдашова
13.05.2024
Махамбет ауданының бірнеше ауылдарында арнасынан асқан өзен бөгетке келіп тірелді. Жергілікті билік кейбір елдімекендерді су басу қаупі бар екенін айтады. Десе де қарғын судың таралуын тоқтату үшін бөгендер салынып, техника тынымсыз жұмыс істеуде.
Батыс Қазақстан облысымен шекаралас жатқан Индер ауданында су деңгейі 1038 сантиметрге жетті. Бұл қауіпті дейгейден әлдеқайда көп. Сол себепті бірнеше шақырымға жайылған Жайық өзені тас жолдарға қауіп төндіруде. Мәселен, Индер - Орал тас жолын су шайып, кентке кіретін жеті шақырым жол жабылды. Оған қоса бөгеттің бойындағы ескі құбырлардан су шығып, аудан халқын әбігерге салып жатыр.
Дарын Шамұратов, Индер ауданының әкімі:
— Индербор кентіне кірме жолын өз күшімізбен ұстап келген болатынбыз. Түнде қысымға шыдамай, аталған жолдың жанынан соғылған бөгеттерді су шайып кетіп, қазір көлік құралдарының байланысы уақытша тоқтатылды. Қайтадан қалыпқа келтіру үшін жұмыс істеп жатырмыз.Жалпы кейбір әлеуметтік ақпарат құралдарында жарияланғандай Инбербор кентінде ешқандай бөгет жарылған жоқ.
Ал Махамбет ауданындағы Талдыкөл, Сарайшық ауылдарын су басу қаупі бар. Тасқынның қарқыны қатты. Бірақ күні-түні жүздеген жауынгер мен еріктілер бөгеттерді күшейтіп жатыр.
Сарайшық ауылындағы Жайық өзенінің іргесіндегі көне тарихи қорымды қорғап қалуға күш салуда.
Қайрат Нұрлыбаев, Махамбет ауданының әкімі:
— Сарайшық ауылының ескі Сарайшықпен екі ортада орналасқан археологиялық қазба аймағына су қауіп төндіруде. Сол аймақты судан қорғау мақсатында қосымша күш жұмылдырылды. Жүз солдат түнімен жұмыс істесе, 95 солдат күндіз жұмыс істеп жатыр. 51 төтенше жағдай министрлігінің өкілдері де жұмыс істеуде. Су қарқыны күшейіп келеді.
Осылайша ауданға қарасты елдімекен тұрғындарына эвакуация орындары дайындалуда.
Ал Атырау қаласындағы Жайық өзенін бөгеу жұмыстары жүз пайызға аяқталған. Әлсіз тұсын күшейту және ағыспен келген тал-теректерден тазалау әлі жүріп жатыр. 112 учаскіге кезекшілік қойылған. Ал Жайықтың Каспийге құятын тұсын тереңдету әлі тоқтаған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!